Абай облысында инфрақұрылым жаңартылып жатыр
Биыл Абай облысында тозығы жеткен жылу нысандарын қайта жаңғырту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 9 млрд 200 млн теңге бөлінді.
27,5 шақырым жылу желісі мен 17 жылу көзі жөндеуден өтті. Келер жылы тозығы жеткен жылу желілерін 57%-ға дейін азайту көзделіп отыр. Бұл жайында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев орталық коммуникациялар алаңында болған брифингте баяндады. Ол бұған қоса жеке инвесторлар қаржысына 7 жылу нысаны мен 3 жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын жеткізді.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
- Жалпы облыста сумен, жылумен жабдықтау және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша 77 жоба инвесторлар көмегімен әзірленуде. Семей қаласының оң жағалауында 147 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасымен жаңа жылу электр орталығын салу туралы тапсырма бар. Әкімдік, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушыны қатыстыра отырып, жедел жұмыс тобын құрды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды.
Абай облысында орташа жалақы 340 мың теңгеге жетті
Абай облысында орташа жалақы 12%-дан аса өсіп, 340 мың теңгеге жетті. Сондай-ақ биылғы 9 айдың көлемінде өңірде 2 мың отбасы баспаналы болған. Келер жылы облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте биыл 33 жоба қолға алынған.