Қарағандыда биіктен құлаған құрылысшының өліміне қатысты тексеру басталды

Қарағанды қаласындағы құрылыс алаңында бір жұмысшы биіктен құлап, қаза тапты.

Оқиға жаңадан салынып жатқан зауыт аумағында болған. Қазір еңбек инспекциясы тарапынан құрылған комиссия тексерісті бастады. Оның құрамында мемлекеттік еңбек инспекторы, жұмыс беруші, кәсіподақ және жұмысшылардың сенімді өкілдері бар. Бұл оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй кешенінде лифт құлап, бір жұмысшы қаза тапқан еді. Сол оқыс оқиға кезінде ауыр жарақат алған  екінші жұмысшы аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Әсем Қасымова, Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы департаментінің мемлекеттік инспекторы:

- Монтаждау-дәнекерлеу жұмыстары кезінде жоғарыдан мердігерлік компанияның жұмыскері құлаған болатын. Сол себепті қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша еңбек инспекциясының департаменті арнайы тергеп, тексеру комиссиясы құрылып, оның нәтижесі бойынша жазатайым оқиғаның мән-жайы анықталатын болады. Еңбек кодексі бойынша 10 жұмыс күнінен 30 жұмыс күні мерзіміне дейін болуы мүмкін.