Ақмола облысында 16 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды

Ақмола облысында биыл 16 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Оған ел қазынасынан 10 млрд теңге жұмсалды. Әсіресе қаладан шалғай орналасқан елді мекендерге баса көңіл бөлініп отыр. Ал халқы аз шағын 48 ауылға су тазарту станциялары орнатылды. Аймақтағы ауызсу мәселесі түбегейлі қашан шешімін таппақ?

Қараөзек ауылының тұрғыны Кенеш Жаңабаев осы уақытқа дейін тіршілік нәрін тасымалдап тұтынып келген. Қазір бұл азаптан толығымен құтылдық,- дейді. Себебі, зейнеткер ауызсуды үйіне дейін кіргізіп алған.

Кенеш Жаңабаев, Қараөзек ауылының тұрғыны:

- Су келгеннен кейін үйде үлкендер үшін, мен сияқты пенсионерлерге өте әдемі болып тұр қазір. Далаға көп жүгіре қоймаймыз. Үйдін ішінде жуынатын бәрін жасап алдық. Үлкен жеңілдік біз үшін.

Екі мыңға жуық тұрғыны бар Қараөзек ауылы қазір толығымен орталықтандырылған суға қосылды. «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында құрылыс жұмыстарына 254 млн.теңге бөлінген. Осылайша, жергілікті халықтың көп жылғы арманы орындалды. 

Надежда Воробьёва, Қараөзек ауылының тұрғыны:

- Су болмаған кезде қатты қиналдық. Көбі үйлерінің жанынан құдық қазды. Бірақ оның суы ащы болып, тұтынуға жарамсыз болды. Қазір осы қиындықтың бәрі артта қалды. Үйге су кіріп, қуанып жатырмыз.

Бұланды ауданы бойынша биыл Қараөзектен бөлек, Айнакөл ауылына да су тартылды. Макинск қаласында да ауызсу мәселесі шешіле бастады. Қазір аудан орталығындағы тозығы жеткен су құбырлары ауыстырылып жатыр. Ал жергілікті шенеуніктер келер жылы ауылдарды 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтуды көздеп отыр. 

Ораз Смағұлов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:

- Алпыс пайызы ауылдық елдімекендердің сумен қамтамасыз етілді. Ендігі жылға 40 пайызы қалады. Оның сметалық құжаттамалары бар. Енді при финансировании 100 пайыз сумен қамтылады деп болжап отырмыз.

Ал облыс бойынша биыл осы бағытта 68 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 30-ы жыл соңына дейін аяқталады. 

Марат Жүнісов, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:

- 2025 жылы осы қалған 38 жобаны жүзеге асырамыз. Бұдан бөлек жаңа 29 жоба қолға алынбақ. Ал халық аз шоғырланған ауылдарға  су тазартқыш блок-модулін орнатып жатырмыз. Биыл 48-ін орнатсақ, келер жылы да 48 станция қоюды көздеп отырмыз. 

Қазір өңір тұрғындарының 96 пайызы сапалы ауызсумен қамтылған. Жергілікті билік өкілдері алдағы бірер жылда су мәселесін түбегейлі шешуге сенім білдірді.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный