Семей көшелерінде жарық жоқ

Семей тұрғындары қаладағы жарық мәселесіне шағымданып отыр.

Көшелерде жанбай тұрған шамдар көп. Оларды жөндеуге және ауыстыруға бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен атқарылып жатқан жұмыс көңіл көншітпейді, дейді тұрғындар. Қала түнде қараңғылық құрсауына енеді. Екі жыл бұрын 6700 шам іске қосылуы керек болған. Бірақ оның жартысы ғана жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың базынасы қашан шешіледі?

Уақыт бір сағат кейінге шегерілгендіктен шығыста күн ерте батады. Тас қараңғы көшелермен жүру қариялар мен оқушыларға қиынға соғып отыр. Тұрғындар тал түсте кеш батқанымен қоймай, қаладағы шамдардың жанбай тұрғанына өкпелі.

Саят Шідербаев, қала тұрғыны:

- Общий жиыны 70-80 шам болатын болса. Соның бақандай он үші жанбайды уже көшенің. Сол әлі күнге дейін ауыстырылмай жатыр. Осы жарық мәселесін шеше алмай жүрміз. Бір жарым жылдай болды шеше алмай жүргенімізге. 

Назерке Мұстафина, қала тұрғыны:

- Көп жерде жарық өте аз. Балалар кешке сабақтан қайтқанда өте қараңғы. Қазір тем более сағатты артқа жылжытқандықтан ерте қараңғы батады. Сағат 3-тен кейін уже.

Тұрғындардың базынасын айтып, бұл сұрақты Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа қойдық. Аймақ басшысы бүгін Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде тішілердің алдына шықты.  Өңір басшысы қазірдің өзінде 140 көшеде жарық жоғын растады. Айтуынша, Семей көшелеріндегі шамшырақ әлі күнге дейін Шығыс Қазақстан облысындағы  мемлекеттік-жекеменшік әріптестігіне тиесілі. Қазір бұған қатысты құжаттар реттеліп жатыр. Әкім мәселенің жақын арада шешілетінін айтты.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Бұл мәселе 2021 жылдан бері жалғасып келе жатыр. 3 мыңға жуық шам жанбай тұр. Бұл Шығыс Қазақстан облысындағы  мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің теңгерімінде болған. Қазір бұл мәселе бойынша сот ісі жүргізіліп жатыр. Ол бізге де әсер етеді. Өйткені келісім-шарт сонда жасалған. Жақын арада байқау жариялаймыз. Яғни 15 қарашадан кейін бірден жарықтандыру жұмыстары басталады. 

Нұрлан Ұранхаев өз баяндамасында 25 жыл ішінде өңірдің инфрақұрылымы тұралап қалғанын да айтты. Қазір тозған дүниені жаңарту жалғасып жатыр.  

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Облыс бойынша 18,5 млрд теңгеге. 28 жоба іске асырылуда. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлініп, 27,5 км жылу желісі мен 17 жылу көзі жөнделді. Нәтижесінде, жылу желілерінің тозу көрсеткіші 64%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Келер жылғы жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткішті 57%-ға дейін азайту көзделуде.

Бүгінде Абай облысында 20 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Тұрғандардың баспана базынасын шешу жалғасады. Әкімнің айтуынша, 39 көп пәтерлі және жеке тұрғын-үй  құрылысы жүргізіліп, 2 100 отбасын үймен қамту көзделіп отыр. Алдағы үш жылда тағы 148 көп қабатты тұрғын үй жоспарланған. Бұл, өз кезегінде 7 мыңдай отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Айнұр Қуатқызы