Жетісуда шалғай ауылдардың ең өзекті мәселесі шешілді

Жетісу облысында 30 жылдан бері өзекті болған мәселе шешімін тапты. 

«Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» бағытындағы жолдың нашар екенін тұрғындар облыс әкімімен кездесуде көтерген еді. Содан кейін тиісті зерттеу жұмыстары қолға алынып, 176 км жолдың 39 шақырымы жүруге жарамды  деп танылған. Қалған 137 километріне үш жылда жаңадан асфальт төселді. Нәтижесінде шалғайдағы Көпбірлік, Алмалы сынды 5 ауыл тұрғындарының аудан мен облыс орталығына барыс-келісі жеңілдеді.   

Көпбірлік ауылы Үштөбе қаласынан 176 км жерде орналасқан. Соның 30 шақырымында бұрын-соңды асфальт болмаған. Елдімекеннің іргетасы қалағаннан бері жергілікті халық қара жолмен қатынап келді. 

Төлепберген Байбосынұлы, Көпбірлік ауылының тұрғыны: 

- Мына жолымыз өте әйбәт болды. Өте жақсы сапасы да мықты. Бұрыңғыдай емес. Бұрын Бәйшегір мен Көпбірліктің ортасы дірілдек жол болған. Шебенка. Қазір асфальт болды. Қазір екі үш сағатта барамыз. Бұрын 4-5 сағат жүретінбіз. Қазір жақсы бәрі әйбәт.

Қараталдың Балқашқа құяр тұсындағы ауылда биыл жаңа спорт кешені ашылды. Әкімшілік ғимарат та тұрғызылды. Тіршілік нәрін тұщытатын құрылғы орнатылып, ауызсу проблемасы өзектілігін жойды. 

Шынар Мұратқожина, Көпбірлік ауылының тұрғыны: 

- Центральный судың өзі тұзды болған. Басында қазір жақсы шүкір. Әйбәт. Кәдімгідей қаланың условиесімен бәрі бар. Жағдайымыз жақсы. 

Көпбірлікте 900-ден аса адам тұрады. Жергілікті жұртшылықпен жүздескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев балықшылар ауылындағы игі бастамалар жалғасатынын айтты. 

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі: 

- Келесі жылдың аяғына дейін мәдениет үйі мен кітапханасын салып беретін болдық. Одан кейін балаларға арналған даладағы воркауттар, даладағы ойын алаңдарын салып беретін болдық. Содан кейін ең үлкен мәселе екі ауылда өрт сөндіру депосы жұмыс істемей қалған соған бір өрт сөндіру мәшинесі мен депоның жұмысына лайықты ғимарат дайындау. Содан кейін бірнеше көшені жөндейміз жарықтандырамыз. 

Сонымен қатар Алмалы ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, тұрғындардың сапалы ем қабылдауына жағдай жасалады.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизулина