Жамбыл облысындағы ауыл 10 жыл бойы сапасыз су ішіп отыр
Жамбыл облысындағы Сыпатай батыр ауылының тұрғындары кейінгі 10 жыл бойы сапасыз ауызсу ішіп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Себебі құбырлар шіріп, әр жерінен тесіліп жатыр. Биыл оны жөндеуге қаражат бөлінгенімен құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Неге?
Ауылдағы сорғы стансысы 60 жыл бұрын салынған. Қазір әбден тозығы жеткен. Жергілікті билік су жинақтағыш пен желіні жамап-жасқап отыр. Құбырлары да шіріп кеткен. Сүзгілер екі күн ішінде қаққа толып қалады. Соның кесірінен екі мыңға жуық тұрғын лас су тұтынуға мәжбүр.
Гүлдана Сейітқұлова, Сыпатай батыр ауылының тұрғыны:
- Не арықпен су келмейді, не Үкіметтің колонкасымен су ақпайды. Ақса да, түбіне шелекпен тұндырып аламыз. Шелекпен аламыз түбінің бәрі қоқым, тас болып тұрады. Судың құбырын ауыстыру керек.
Тозған су желісі әр жерден тесілгендіктен, кейде аптасына 2-3 рет тіршілік нәрі болмайды. Жұрт суды бар ыдысына толтырып күнелтіп жүр.
Беріккүл Шайхиева, Сыпатай батыр ауылының тұрғыны:
- Жел тұрмасын деп тілеп отырамыз. Себебі жел тұрса жарық өшеді, жарық өшкеннен кейін су болмайды. Тәулік не одан аса уақыт бойы. Тіпті қазіргі кезде өшіп жатыр ғой. Демалыс күндері, балаларды мектепке дайындайтын кезде су жоқ болады кешкісін.
Былтыр аудан әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама дайындап, республикалық бюджетке өтінім берген. Сөйтіп, жоба мақұлданып, 5 ауылға орталық ауызсу жүйесін жүргізілетін болды. Қажетті 4 миллиард теңге де бөлінді. Бірақ тендерге қатысқан мердігерлер арасында дау туындап, бір-бірімен соттасқан. Осылайша, жарты жыл бұрын басталуы тиіс құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.
Ербол Акек, Меркі аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:
- Соттың шешімі осы биылғы жылдың өзінде шыққан күннің өзінде жалпы жоба 2 жылға жоспарланған. Сол себепті бұл сот болуына байланысты ол тағы жүргізілмеген уақыттар есептеліп, соған қосылып жүргізіледі. Биыл енді мердігерін анықтасақ, ақпан айының соңына қарай жұмыстар басталып кетеді.
Жалпы облыс бойынша 371 елді мекен болса, соның 54-і сапалы ауызсумен қамтылмаған. Мәселені ішінара шешу үшін биыл 21,5 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.