СҚО-да қос ауылдың тұрғындары жарықтан таршылық көріп отыр
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан кейін 2 мыңға жуық адам жарықтан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Қызылжар ауданында топан судан электр бағандары құлап, екі ауылдың тұрғындары уақытша желіге қосылған еді. «Бірақ оның қуаты толық жетпей тұр», – дейді олар. Мәселе қашан шешіледі?
Новокаменка ауылының тұрғыны Лилия Туринцева кейде осылай оқушы балаларының киімін үтіктей алмай қалады. «Үйде жарық бар. Бірақ қуаты жоқ», – дейді әйел. Ал желді күндері тіпті сөніп қалады.
Лилия Туринцева, Новокаменка ауылының тұрғыны:
- Пешке сорғы орната алмай отырмыз. Өйткені қуат көзі тартпайды. Сондықтан бір-екі ағаштан ғана саламыз. Оттың қызуынан құбырдың кеңейткіші қайнап кете береді. Ал қыстың күні не болады?!
Бұл бір ғана ауылдың мәселесі емес. Іргелес Архангельскте де осы жағдай. Көктемгі тасқын кезінде Есіл өзенінің бойындағы электр бағандары құлап, тұрғындар уақытша желіге қосылды. Бірақ оның қуат-күші шектеулі.
Лилия Русина, Архангельск ауылдық округінің әкімі:
- Уақытша желіге шамадан тыс адам қосылған. Сондықтан жарық жаз бойы жиі сөніп тұрды. Жөндеуден кейін жағдай біршама дұрысталды. Бірақ біз жаңа желінің салынуын күтіп отырмыз.
Өңірде көктемгі тасқыннан бұзылған электр желілерін жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді. Бірақ Новокаменка ауылында жаз бойы бірде-бір жұмыс жүргізілмеген. Оны мамандар ауа райының құбылуымен байланыстырып отыр.
Александр Чекулаев, электр тарату компаниясының бас директоры:
- Электр желілерін қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Мердігер ұйым анықталды. Бірақ жаңбырлардан арнайы техникалар өте алмай, жұмыс созылып кетті. Енді жер құрғады. Қарашаның 15-не дейін аяқтаймыз.
Сенсеңіз, серт осы. Ал тұрғындардың көңілі алай-дүлей. «Өйткені жаздың «үп» еткен желінде сөніп қалатын жарық боранда қалай жанбақ?!», – дейді олар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.