Қызылордадағы көпір жабылып қалды
Қызылордада биыл жазда ашылған су тоспасының үстіндегі жол жабылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұған дейін көпір апатты деп танылып, 10 жыл бойы көлік жүрмеген. Ал өткелді толық жөндеуге 3 жыл уақыт кетті. 35 мың тұрғыны бар екі елді мекенді жалғайтын төте жолдың қайта жабуылуына не себеп болды?
Су тоспасының үстіндегі көпір – қала іргесіндегі саяжайларды, Тасбөгет кенті мен Иіркөл ауылын қала орталығымен байланыстыратын төте жол. Елді мекендердің 35 мыңдай тұрғыны соңғы 10 жыл бойы айналма жолмен қатынауға мәжбүр.
Марат Құлжанов, қала тұрғыны:
- Кейде азық-түлік аламыз, қаптап, «каробкалап». Сондайда есіктің алдына дейін бару жоқ. Қазір анау жақпен айналып барамыз ғой, мың жарым теңге. Мына жерден 500-600 теңгеге апаратын.
Жұмысқа күнделікті осы көпірмен қатынайтын саяжай тұрғындары да аз емес. Бірсыпырасы автобусқа міну үшін бірнеше шақырым жаяу жүреді. «Ал жедел жәрдем көлігін күтудің өзі мұң», – дейді олар.
Төремұрат Шитманов, қала тұрғыны:
- Кеше жақында ашылған. Оны қайтадан жауып тастады. Білмеймін неге жапқанын. Бірақ жабылды деп жауып тастады. Алдында ашық тұрған. Енді арғы беттегілерге жедел жәрдем үлкен көпірмен айналып барады негізі. Ауыратын кісілер болады, мысалы, үлкен кісілер, балалар болады. Соларға жақындау болады негізі, ашылса.
Су тоспасының іргетасы 1940 жылы қаланса, қолданысқа 1956 жылы берілген. 70 жылдық тарихы бар гидронысан 2014 жылы апатты деп танылып, үстімен көлік өтуге тыйым салынған. Нысанды қайта қалпына келтіру үшін 2020 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиардтан астам теңге бөлінді. Сөйтіп, биыл жазда ашылған.
Елдос Ақышев, «Қазсушар» РМК ҚОФ директорының орынбасары:
- Қызылорда су торабы бірінші кезең бойынша биыл жылдың соңына дейін аяқталу керек болатын. Бірақ жаздыгүні су алу науқаны кезеңінде жұмыс жүргізу мүмкіндік болмағандықтан, жолды уақытша ашуға мүмкіндік берілді. 23 қыркүйектен 23 желтоқсан айына дейін жөндеп бітіру жұмыстары уақыты берілген болатын. Сол уақытқа байланысты қазір қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жалпы Қызылорда су тоспасы арқылы өңірдегі 120 мың гектар егіс алқабы, 250 мың гектар шабындық және жайылым суарылады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.