Qoldau ақпараттық жүйесі іске қосылды

Елде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы ақпараттық жүйе іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Енді кез келген адам Qoldau жүйесі арқылы статистикалық деректерді нақты уақытта көре алады. Мамандар әзірге соттан тыс банкроттық рәсіміне сұраныс барын айтады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары алдында берешегі көп мұндай тұлғалардан 131 300 өтініш түскен. Оның 6,5 мыңнан астамы мемлекеттік кірістер органдарында қаралып жатыр.

Елде соттан тыс банкрот деп танылғандардың саны 18 мыңға жуықтады. Олардың қарызы 41 млрд теңге шамасында. Азаматтар банкроттықты сот арқылы және қарыздарды бөліп төлеу арқылы да рәсімдей алады. Ал тиісті өтінішті электронды үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады.  

Сейілжан Ахметов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары: 

- Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беру және өтініш берушінің кіру критерийлеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Өтініш беруші өтініштің статусы мен уәкілетті органның шешімін осы жүйеде көре алатындығына назар аударғым келеді. Сондай-ақ бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған ақпаратты көреді. Бұл болашақта оның деректерді түзету үшін, сол немесе басқа органға хабарласу үшін өте ыңғайлы.