Ақмола облысында автокөлік жолдары қысқа дайын
Қазір жергілікті коммуналдық мекемелер өз жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ. Өңірдегі 8 мың шақырым жолды қыста қардан тазарту үшін 1300 техника жұмылдырылған. Ал жұмыстарына салғырт қараған коммуналдық мекемелер жауапкершілікке тартылады.
Қарлы боран, көктайғақ, қалың қар. Бұл – қысы қатты Ақмола облысында жиі кездесетін құбылыс. Салдарынан аймақтағы жолдар жиі жабылады. Жалпы облыс аумағынан 2 мың шақырымнан астам республикалық және 5,5 мың шақырымға жуық облыстық маңыздағы күрежол өтеді. Жауаптылардың сөзінше, биыл тек республикалық маңыздағы тасжолдардың өзіне 305 техника қызмет көрсетеді. Яғни, асфальтты қар мен мұздан тазалайды.
Рүстем Әбілов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары:
- Қазіргі уақытта 20 мың тоннаға жуық құм, 1346 тонна тұз және 700 тонна химиялық реагенттер дайындалды. Ауа райына байланысты жолдарды патрульдеу жұмыстары жүргізіледі.
Коммуналдық мекемелер республикалық және облыстық маңыздағы жолдарға баса көңіл бөледі. Ал жергілікті жолдар назардан тыс қалады. Сондықтан сала мамандары биыл осы олқылықтың алдын алып жатыр. Қазір өңір жолдарына жауапты 840 техника дайындалып, 150 тонна жанар-жағармай бөлінді.
Қайрат Бейсенов, жол ұйымының қызметкері:
- Мен 2013 жылдан бастап істеймін. Бұл жолды бес саусағымдай жақсы білемін. Қысқы уақытта қар тұратын өткелдер істеймін, жолды қардан тазартамын. Дауыл, боран кезінде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді.
Жолдың тазалығы – қауіпсіздік кепілі. Десе де жүргізушілерге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені дауылды күндері жолға шығып, ескертуді елемейтіндер көп.
Ғазизхан Жанысбек, көлік жүргізуші:
- Біріншіден, әр жүргізуші жолға шыққан кезде өз басына қауіп төндірмеу керек. Одан кейін жанындағы адамдарға да қауіп төндірмеу керек. Әртүрлі жағдайлар болады. Бір кездерде жаңағы ауа райының қатты көктайғақ болуына байланысты жол жабылып қалатын кездер болады.
Ал полицейлер жолдағы қауіпсіздікпен қатар оның дер кезінде тазалануын да назарда ұстайды. Тәртіп сақшылары тіпті техникаларды тексеріп, жұмысына салғырт қарағандарды жазалайды. Мәселен, жыл басынан бері 240-қа жуық лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Ержан Қошқарбаев, облыстық ПД басқармасының бастығы:
- Автожолдарды тексеру тұрақты негізде жүргізіледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда оны жою үшін жол ұйымдарына дереу жіберіледі. Ал кемшіліктер бойынша жүргізілген тексеру қорытындысы облыс әкімдігіне, сондай-ақ жол ұйымдарының басшыларына ұсынымдар жолданды.
Дегенмен мамандар қыстыгүні жолда өте абай болуға шақырады. Әсіресе дабылды ескертулерді ескеру өте маңызды. Себебі алдын алу шаралары жасалғанымен, кейде табиғаттың тосын мінезіне ешкім төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Тек өткен жылдың өзінде өңірде қар құрсауында қалған мыңнан аса адам құтқарылды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.