5 қараша – Әскери барлаушылар күні

5 қараша – Әскери барлаушылар күні. Олардың қызметі мен жасаған ерлігі көп жағдайда айтыла бермейді. Бұл – мемлекеттік құпия. Себебі барлаушылардың әр тапсырмасы үлкен тәуекелге, қауіп-қатерге толы.

«Көрінбей барып көру, өлмей келу» – бұл қазақстандық барлаушылардың басты ұстанымы. Олар қандай жағдай болмасын құпия деректер мен құжаттарды жинап, өз жағына толыққанды ақпарат жеткізу керек. Бүгінде отандық барлаушылар еліміздің ішкі, сыртқы және қорғаныс саласында белсенді қызмет етіп жатыр. Тіпті Қазақстанды тінтіп келгендерге де қарсы барлау қызметі бар.     

Барлаушы:

- Барлау ротасының мақсаты - қарсыластың мәліметін жинап, олардың қару-жарағы қалай қамтамасыз етілгені және олар немен жарақталғаны, қай жерде орналасқаны туралы мағлұмат жинау. Сөйтіп өз командирлерімізге мәлімет береміз. Соған орай біздің командирлер өз шешімін және өз сарбаздарын, күшін соған қамтып, сол арқылы шешім шығарады. 

Барлаушыларда қыс, жаз, күн, түн деген ұғым жоқ. Олар жылдың қай мезгілі болмасын, кез келген табиғи ортаға бейімделіп, тапсырма орындай алады. Сондықтан қатары қарапайым сарбаздармен емес, кәсіби тұрғыда шыңдалған келісімшарт қызметкерлерімен толығады.  

Барлау ротасында қызметте жүргеніме 5 жылдан аса уақыт болды. Барлау ротасына қабылдану үшін физикалық және психологиялық тұрғыда мықты болуы керек және барлау ротасының әр әскери қызметшісі тез арада шешім қабылдай білетін адамдардан жинақталған.  

Ел арасында қызметін жасырып, мамандығы туралы тіс жармайтын жігіттердің түрін көрсетіп, аты-жөнін де жариялауға болмайды. Себеп - біреу. Тыныш жүріп, талай шаруа тыңдыратын барлаушыларға мемлекеттік деңгейде тапсырма беріледі.      

Барлаушы:

- Заманауи жағынан қазір әлемде болып жатқан қақтығыстарға қарай солардың кемшіліктерін қарап, керегін әрқашан өзімізге алып отырамыз. Қазір жиірек қолданылып жатқан олар - дрондар, ұшқышсыз ұшу аппараттары. Сол жағынан да жаттығулар өтіп жатыр.

Жауынгердің ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға тоқталуы тегін емес. Қазіргі дамыған заманда барлаудың технологиялық әдістері көп қолданылады. Соның бірі – қарсыластың аумағын әуеден дрондар арқылы бақылау. Яғни құрылғы арқылы барлаушының басын қауіпке тікпей, өмірін сақтап қалуға болады.

Сұлтан Амангелді, автоматтандырылған басқару жүйесі бөлімінің офицері:

- Дрон комикадзе, дрон барлаушы, көретін дрон, яғни жерлерді, объектілерді тексеретін. Осы FPV очкиін кигізіп, сабақ өткіземіз. Дрон бар кезде адам өмірін сақтау оңай. Өйткені комикадзе арқылы 3-4 км жердегі нысанды көріп, жара аламыз. Яғни комикадзе арқылы.

Осылайша, қорғаныс пен қауіпсіздік саласын барлаушыларсыз елестету мүмкін емес. Олардың қалтқысыз қызметі арқылы тұтас әскердің кезекті қадамы анықталып, маңызды шешім қабылданады.

Авторы: Мерей Қанапия.