Елімізде былтырдан бері 18 мыңға жуық адам банкрот деп танылған

Олардың берешегі 41 млрд теңгеге жуықтады.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінге дейін соттан тыс банкроттық рәсіміне 131,3 мың өтініш түскен. 6,6 мың өтініш Мемлекеттік кірістер органдарында қаралып жатыр. 8400 азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде. 2 мыңға жуық адамға қатысты рәсім тоқтатылды. 215 азамат өтінішін кері қайтарып алды. Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш беруші белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Ал, соттан тыс банкроттық рәсімін тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Яғни, рәсімінің бірқатар шарттары бар. Мәселен, өтініш беруші адамның берешегі 5,9 млн теңгеден, яғни, 1600 АЕК аспауы керек, әрі 1 жыл ішінде төлем жасалмаған болуы және тіркелген мүлігі болмауы қажет.