Атырау облысының Ресеймен шекарасында көлік кептелісі пайда болды

Атырау облысының Ресеймен шекарадағы «Құрманғазы» өткізу бекетінде 15 шақырымдық көлік кептелісі пайда болды, деп хабарлайды 24kz.

Шекарада 300-дей ауыр жүк көлігі шоғырланып қалған. Бұған «Атырау-Астрахань» автомагистралы арқылы Орталық Азиядан және Ақтау портынан жүк көліктерінің ағыла бастауы себеп. Шекара қызметі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің тексеру бекеттері оларды рәсімдеп үлгере алмай жатыр. Бұрын тәулігіне кемі 200 ауыр жүк көлігі өтетін болса, қазір оның легі екі есе артқан. Осыған орай кірістер департаментінен бұрынғы 10 қызметкерге көмекке тағы 4 маман жіберілді. «Сонымен қатар шекара бекетінің көлік өткізу мүмкіндігін арттыру үшін қосымша жолақтар салу қажет», - дейді мамандар.

Мейрамбек Шманов, Атырау облысы бойынша кірістер  департаментінің басқарма басшысы:

- Мемлкеттік кірістер органдарының және шекара қызметінің тарапынан Көлік министрлігіне хаттар жолданды. Себебі өткізу пунктінің кеңейту жөнінде. Қазір Ресейге қарай 2 жолақ, бізге қарай да 2 жолақ. Басқа пункттерде 4 жолақтан. Ол да бір себеп болуы мүмкін.