Жолаушы тасымалдаушылар жаңа заң жобасын талқылады
«Жолаушылар тасымалдау қызметінде монополия пайда болуы мүмкін». Осылай деген кәсіпкерлер салаға өзін өзі реттеу жүйесін енгізуге қатысты заң жобасының жан-жақты пысықталмағанын алға тартты.
Айтуларынша, бәсекелестік жойылып, қызмет бағасы шарықтап кетуі ықтимал. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында өткен дөңгелек үстелде түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды.
Еске сала кетейік, Мәжіліс жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды, өзін өзі реттеуге беру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Ерлан Шаяхметов, компания басшысы:
- СРО-ға бүкіл агрегаторлар қосылатын болса, онда үлкен қауіп бар. Монополия болып кетеді. Ішіндегі бір кереметі, бәрін сатып алуы мүмкін. Ол сатып алса, онда бағаны да өзі қояды. Адамды аламын ба, алмаймын ба, кімге беремін, кімге бермеймін, бәрін өзі шешеді. Сонда бағасы да өседі, комиссиясы да өседі. Онда ешкімге жақсы болмайды.
Қуаныш Ермұханов, «Атамекен» ҰКП департамент директорының орынбасары:
- Ақпараттық-диспетчерлік қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілері және автовокзал ассосацияларының қызметін көрсететін субъектілердің осы заң жобасына қатысты өзінің ұстанымдары бар. Келіспеушіліктер болса, қандай шешу жолдарымен жүргізуге болатынын қарастырып жатырмыз.