Талдықорғандағы саяжай тұрғындары құдықтың тұзды суын тұтынуға мәжбүр

Талдықорғандағы «Қызыл тас» саяжайының тұрғындары құдықтың тұзды суын тұтынуға мәжбүр, деп хабарлайды 24kz.

Себебі екі жыл бұрын басталған ауызсу тарту жұмысы толық аяқталмаған. Құны 724 млн теңге болатын құрылыс жұмыстарының созылып кетуіне не себеп?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қызылтас саяжайында тұратын Райымбек Садырбаев тұрмысқа қажет тіршілік нәрін құдықтан алады. Ал ауызсуды алпыстың асқарына шыққан ақсақал Талдықорғаннан тасиды.

Райымбек Садырбаев, «Қызылтас» саяжайының тұрғыны:

- Қалаға барып, суды сатып аламыз. Ол қиын. Барғанда кейде автобус болады. Кейде такси. Такси екі жүз теңге, автобус 120 теңге. Әйтеуір солай. Амал жоқ, тасимыз енді. Мына суды іше алмаймыз. Су өте тұзды.

Тіршілік нәрінен тарығып отырған саяжай тұрғындарының қалаға қатынауы да қиын. Себебі елді мекендегі екі-үш көшеге ғана қиыршықтас төгілген. Қалғандарының топырағы шығып, балшығы езіліп жатыр.

Айгүл Бекенқызы, «Қызылтас» саяжайының тұрғыны:

- Қазір міне, қар жауады, жедел жәрдем шақырасың, Сіздің көшеңіз дұрыс емес, Нұрсұлтан жаққа шығыңыз. Ауырып тұрсаң, жаяу келу керек. Жедел жәрдем тұрып қалады, қиналады. Ал, өрт болса, пожарка жүре алмай қалады. Жаңбыр басталады, мына жер парковка болып кетеді. Машина жете алмайды.

Ерлан Ниетбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:

- 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында «Қызылтас» саяжайында төрт көше орташа жөндеу жүргізіледі. 2,6 шақырымды құрайды. 2025 жылдың екінші жартысында 3 көшеге дәл сондай орташа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Жұртшылықпен жүздескен жауаптылар ауызсу тарту жұмыстарының мерзімінен кешігу себебін түсіндіріп, жақын күндері іске қосылатынын айтты.

Алмас Барлыбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бөлім тарапынан мердігер мекемені сотқа беріп, сотпен осы мекемені жұмысты толық аяқтап халыққа беру міндеттелді. Қазіргі күні бұл жұмыстар атқарылуда. Жоспарымызбен осы қараша айының соңына дейін құбырды жуып тазалап, дезинфекция жұмыстарын жүргізіп, халыққа береміз деп отырмыз.

Жиналғандар көше шамдарын орнатып беруді де сұраған. Сала жетекшісі алдағы екі жылда жарықшамдарды орнату жоспарланғанын айтты.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов