Статистикалық деректерді жинақтауда жаңа цифрлық технологиялар қолданыла бастады

Елде статистикалық деректерді жинақтауда жаңа цифрлық технологиялар қолданыла бастады, деп хабарлайды 24kz.

Осыған орай Парламент Сенатының төрағасы бір топ депутатпен бірге Ұлттық статистика бюросының жұмысымен танысып қайтты. Мәулен Әшімбаев ашық және қолжетімді статистика қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, халықаралық ұйымдармен және инвесторлармен қарым-қатынасты нығайтуға оң әсер ететініне назар аударды. Сенат төрағасының айтуынша, статистика саласындағы жұмысты жетілдіру үшін жаңа тетіктерге, оның ішінде Big Data-ға және зерттеу тәсіліне ерекше мән беру керек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге Big Data-ны талдау және жасанды интеллектті пайдалану жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, статистика – талдау жүргізу, болжам жасау және тиімді шешімдер қабылдаудың негізі. Өзекті, ашық, сенімді ақпарат стратегиялық бағдарламалар әзірлеуге және елдің орнықты дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда Сенат Ұлттық статистика бюросына қажетті заңнамалық қолдау көрсетуге дайын.