Шымкенттегі ірі кәсіпорындардың шығарындылары тәулік бойы бақыланады
Шымкенттегі ірі кәсіпорындардың шығарындылары онлайн бақылауға алынды, деп хабарлайды 24kz.
Мұнай өңдеу зауытының мұржаларына, цемент өндіретін кәсіпорындар мен жылу қуат орталығының құбырына автоматты мониторингілеу жүйесі орнатылды. Егер ауаға тарайтын зиянды қалдықтар, шекті мөлшерден асып кетсе, «ақылды» жүйе экологтарға дереу хабар береді.
«Ақылды жүйенің арқасында бірінші санатты кәсіпорындардың атмосфераға бөлетін қалдық құрамы жіті бақылауға алынды. Экологтардың бірыңғай деректер базасына енді әр 20 минутта зиянды компоненттердің мөлшері туралы хабар түседі. Ластаушы заттар шектен асса мобильді топ бірден ескерту жасайды.
Сабыр Балыбек, қалалық экология департаменті басшысының орынбасары:
- Осы күнге дейін арыз-шағымдар түскен жағдайда біздің департаменттің сынақ зертханасы зауыттардың санитарлық қорғау аймағында құралдық сынамалар жүргізген. Осы онлайн формат бізге тез анықтауға мүмкіндік береді. Қай зауыттан шығып жатқанын.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жылына 500 тоннадан астам қалдық бөлетін 91 зауыт бар. Оның төртеуі Шымкентте орналасқан. Бірақ өндірістік алаңға жақын маңдағы тұрғын үйлердің иесі тізімді толықтыру керек деп есептейді. «Өйткені қоршаған ортаны ластаушылардан тынысымыз тарылды», - дейді олар.
Марат Жұмабаев, қала тұрғыны:
- Газ шығады бұл жерден, битумның иісі шығады. Тағы мына жерде қорғасын зауыты бар дейді. Ол шығады. «Тері өртейді», дейді. Біреуіне барсаң, «біздікі емес, анау», дейді. Анаған барсаң: «оныкі емес, анау», дейді. Оның қайсы біріне жүгіре береміз. Айыппұл салады Үкіметке төлейді. Қайтадан істей береді.
Пульмонология орталығының дәрігерлері де науқастардың саны көбейгенін айтады. Қаралушылардың тең жартысы өкпе демікпесіне шалдығып, созылмалы аурулары асқынған. «Ал канцерогенді заттармен күресті алдын алмаса қатерлі ісік ауруларын шақыруы мүмкін», - дейді.
Бақытжан Позилов, қалалық №2 аурухананың бас дәрігері:
- Статистиканы айтатын болсақ, жалпы 1 күнде бізге он шақты науқас келеді. Соның ішінде бронхиалды астманың қозуы, түрлі обструктивті аурулардың қозуымен де келеді. Соның ішінде 5-6 науқасқа міндетті түрде осы «ауаның ластануымен» деген тұжырым айтып отырмыз.
Биыл қала тұрғындарының арыз-шағымынан кейін өндіріс орындарына 27 тексеріс тағайындалған. Экологтар газ тазарту қондырғыларын орнатпағандар мен зауыт мұржасына сүзгі қоймағандарға 270 млн теңге әкімшілік айыппұл салды. Талаптарды сақтамаған тағы 8 кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтатылған. «Енді ортақ база жетілдіріліп, қоршаған ортаны ластаушылармен күрес анағұрлым жеңілдейді», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов