Ақтөбе облысында жолдарды күтіп ұстайтын көлік жетіспейді
Ақтөбе облысында қар күрейтін көлік тапшы.
Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 257 техника қажет.
Бірақ жауапты мекеме автопаркінде 107 көлік бар. Мәселенің түйіні қалай шешілмек?
Қатты боран болғанда Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақ ауылының арасы жүргізушілерді әбден әбігерге салады. Ақтүтек аттап бастырмай, жолаушылардың бірнеше тәулік бойы далада қонған кезі болды. Сол себепті «Самара-Шымкент» республикалық тасжолы ерекше бақылауда болады.
Рүстем Қашанбаев, №8 жол пайдалану бөлімшесінің басшысы:
- Самара-Шымкент бағыты. Яғни Ақтөбеден бастап Бөгетсай бағыты. Жол пайдалану нөмір 8 сол бағытта қараймыз. Бұл бағытта подъемдар көп, қауіпті повороттар көп. Күні-түні жұмыс ұйымдастырылған. КДМ-дар құм шашатын тұз араласқан күні-түні кезекшілікте тұрады. техниканың барлығы екі смена жұмыс жасайды.
Облыс бойынша қар басатын 101 учаске бар. Жол бойында боранға кедергі болатын 86 шақырым бетон қалқан орнатылған. Ал жолдағы қарды тазартуға 257 техника қажет. Бірақ жауапты мекеменің меншігіндегі көлік саны мұның жартысына жетпейді.
Нұрлан Нұрғали, "Қазавтожол" ҰК" АҚ ОФ директорының орынбасары:
- Осы жетіспеушілікті болдырмас үшін қазір жалға алып жатырмыз. 18 техниканы жалға алуды жоспарлап отырмыз. Облысымызға 8 жаңа техника келді. Соның 8-і автогрейдер. Және бір погрузчик жеткізілді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да қысқы науқанға дайындықты пысықтады. Қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаратын 45 көлік бар. Жол бойындағы елдімекендерде 129 жылыту пункті дайын тұр. Ырғыз ауданында орналасқан уақытша бас сауғалау орны осы айда бір топ жолаушыны қабылдап үлгерді.
Қайрат Аманшев, ТЖД басқарма инженері:
- Ағымдағы жылдың бірінші қараша күнінен бастап 15 адам құтқарылды. Оның ішінде алтауы бала. Және 38 адам эвакуацияланып олардың ішінде алтауы бала. Олар жылыту пункттеріне орналастырылды.
Республикалық маңызы бар жолдарды қар мен мұздан тазарту үшін 33 мың тонна құм және 7 мың тонна инерттік материал қажет. Қазір өңірге оның 80 пайызы жеткізілді. Синоптиктер қаһарлы қыстың ауылы алыс емес деген болжам айтады. Ертең облыстың солтүстік аудандарында бұрқасын болып, көктайғақ тіркелуі ықтимал.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов