Органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан астам арыз-шағым түскен

Жыл басынан бері мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан астам арыз-шағым түскен.

Олардың көбі мүгедектікке қатысты сараптама жүргізу, оңалту, жұмыспен қамту мәселелерімен жүгінген. Бүгін үкімет отырысында саладағы түйткілдер егжей-тегжейлі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне инватакси қызметін дамытуға жағдай жасауды тапсырды. Қазір елде 150-ге жуық инватакси қызметі жұмыс істейді. Оған сұраныс та, кезек саны да артып келеді.

Кейінгі 3 жылда елімізде балалар арасындағы мүгедектік 11,4%-ға өскен. Бұл санатта 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар басым. жүйке жүйесінің аурулары, туа біткен ақаулар, психикалық бұзылулар басым. Сала басшысы 7 өңірінде аутистік бұзылысы және басқа да ментальды ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі орталықтар ашылғанын мәлімдеді.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- 4 өңірде «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, жүйке жүйесі және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды инновациялық оңалту құралдарын қолдана отырып, үй жағдайында оңалтуға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы, республика бойынша ағымдағы жылдың 9 айында жүргізілген оңалту шараларының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайының жақсаруына байланысты толық оңалтудан өткендердің саны шамамен 9 мың адамды құрады. 8 мыңдай адам мүгедектіктің жеңіл тобына ауыстырылды. 

Еңбекке қабілетті мүгедек жандардың 39%-ы жұмыспен қамтылған

Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам тұрады, олардың 57%-ы еңбекке қабілетті жаста. Алайда тек 39%-ы  жұмыспен қамтылған. Әсіресе өңірлердегі ахуал алаңдатады. Олжас Бектенов Егер мүгедектігі бар адам   жұмыс істеуге қабілетті болса және жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесу керек деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ең үлкен проблеманың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың объектілерде еркін жүріп-тұруы. Бұл айта-айта жауыр болған мәселеге айналды. Жасалып жатқан жұмыстар мардымсыз. Объектілердің қолжетімділік деңгейі әлі де 45%-дан аспайды. Оның үстіне, кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары белсенді жүріп жатқан ірі қалалардың өзінде көзге көрінетіндей нәтиже жоқ. Барлық әлеуметтік қызметтер өз жұмысын жандандырып,   әрбір проблеманы тікелей қарауы керек.

Рухани Абдрахман, тілші:

- Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстар жыл сайын 22%-ға ұлғайтылып отыр. Биыл бұл мақсатқа 748 млрд теңге қарастырылған. Ал айтылған мәселелерді шешу тетіктері жаңа Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдамада  көрініс табуға тиіс. Премьер-министр бұл құжат желтоқсан айында қабылдануы керек деді.