Ақтөбе облысындағы жолдарды күтіп ұстауға 400 техника жұмылдырылды

Ақтөбеде облыстық маңызы бар және жергілікті жолдарды күтіп ұстауға 43 мердігер бекітілді. Олар көлік және жаяу жүргіншілер жолының тазалығына жауапты. Өңірде кешелі бері қар жауып, кей жерлерде ақ түтек бұрқасын да соқты. Сондықтан коммуналдық қызметтер тәулік бойы кезекшілікке шыққан.

Шаһардың орталық көшелеріне жауапты «АТК Qyzmet» мекемесінің жұмысшылары екі ауысымды жұмыс кестесіне көшкен. Қар аршуға 80 арнаулы техника жұмылдырылды. Бірінші кезекте қоғамдық көлік жүретін орталық көшелер және мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік нысандар маңы тазартылады.  

Қуаныш Оңалбаев, «ATK Qyzmet» коммуналдық мекемесі басшысының орынбасары:

- Бізде орталық көшелер бар. Айналма жолдар бар, Қарғалы ауданы бар, Орск, Хромтау трассалары бар, Бауырластар бар. Екі ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші ауысым таңғы сегізден кешкі алтыға дейін, екінші ауысым сағат кешкі оннан таңғы сегізге дейін.

Жалпы Ақтөбедегі жолдарды күтіп ұстауға 17 мердігер мекеме бекітілген. Ал облыстық маңызы бар бағыттарға 43 коммуналдық компания жауапты. Елді мекендер арасы 173 учаскеге бөлініп, 400-ден астам арнаулы техника қызмет етеді.

Есет Аманбаев, облыстық жолаушылар көлігі және АЖ басқармасы басшысының орынбасары:

- 2025 жылға жолдарды күтіп ұстауға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекемелермен 5 мың тоннаға жуық инерттік материалдар дайындалды. Оның ішінде реагенттер бар, құм-тұз аралас материалдар бар. Сонымен қатар мың тоннаға жуық жанар-жағармай дайындалған.

Өңірде жылыту пункттері дайындалып, оларды қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз ету жұмыстары тәмамдалып қалды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары жүргізушілерге алыс жолға шыққанда қауіпсіздік ережелеріне енжар қарамауды өтінеді. Себебі синоптиктер алдағы тәуліктің өзінде жел күшейіп, ауа райы құбылмалы болатынын болжап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.