Қазақстанда 10 айда 17 мыңнан астам кибералаяқтық дерегі тіркелді
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік мессенджерлер арқылы келетін күмәнді сілтемелерге өтпеуді ескертеді. Кейінгі кездері қазақстандықтарға әлдебір байқауларда дауыс беру үшін таныстарынан келіп жатқан хабарламалар көбейген. Полицейлер бұны алаяқтардың кезекті айла-шарғысы екенін ескертеді. Шығынға шаш етектен батпау үшін азаматтар нені қаперде ұстауы тиіс?
Киберқылмыс – жаһандық проблема. Әлем елдері қауіпсіз цифрлық кеңістікке ұмтылғанымен, алаяқтар да бір орында тұрмайды. Мәселен, былтыр киберқылмыстан Қазақстан азаматтарына 21 млрд теңге шығын келген, ал осы жылдың 10 айында ғана ел бойынша 17 мыңнан астам интернеттегі алаяқтық фактісі тіркелген. Қазақстандықтар негізінен онлайн сауда, күмәнді биржаларда алаяқтардың құрбаны болған.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Кейбір адамдар инвестиция не екенін білмейді де. Оны арнайы оқу керек, gov.kz сайтында танысуға болады. Ешкім сізге ақшаңызды үлкейтіп, қайтарып бермейді. Instagram парақшаларында таргеттік жарнамалар шығады. Ресми түрде бұл инвестициялық фондтар ешқайда көрсетілмеген. Банк немесе полиция қызметкері ешқашан арнайы операцияларды телефон арқылы өткізбейді.
Кибералаяқтар жаңа технологияларды белсенді меңгеріп, жасанды интеллект пен нейрожелілерді де өз пайдасына қолданып жүр. «Жаңа технологиялар дамыған сайын интернетте алаяқтардың түрі де, айласы да көбейіп келеді», – дейді мамандар.
Евгений Питолин, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:
- Биыл алаяқтықтың бұрын болмаған жаңа түрлері пайда болды. Соның ең танымал түрі «Үлкен басшы» деп аталады. Яғни, сізге өзіңіз жұмыс істейтін компанияның бірінші басшысы немесе басқа да танымал тұлғадан мессенджеріңізге хат келеді. Ол жазбада сіз туралы мәлімет болуы мүмкін, ник пен аватары да шынайы келеді. Сондықтан көп адамдар мұндай алаяқтыққа тез алданып қалады.
Президенттің киберқылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы арнайы департамент құрылды. Жаңа құрылым заманауи қауіппен күреседі. Сала мамандары бүгінде банк қызметкері атынан ауыспалы нөмірлер арқылы жасалатын алаяқтыққа тосқауыл қою үшін 64 миллионға жуық күмәнді нөмірді бұғаттаған. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, күмәнді ақша аударымдарын бірден тоқтату үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Адамдардың аударуы кезінде екіжақты тексеріліп жатыр. Қалай десеңіз, банк операторы басқа адамға аударым жасап жатсаңыз, бұл аударым бұғатталуы мүмкін және банк операторы сізге бейне шалуы мүмкін. Нақты сіз кімге, неге аударып жатырсыз.
Мамандардың айтуынша, опық жеп қалмаудың жалғыз жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру, IT гигиенаны сақтауды үйрену. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын арттыруды жоспарлап отыр.