Қазақстанда Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдама қабылданады
Ғимараттарды мүгедектігі бар адамдар мен қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Әсіресе әлеуметтік нысандар мен дәріханалар, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына емін-еркін кіріп шығатындай жағдай жасау керек. Бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов осылай деді. Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырды.
Мүгедектігі бар жандардың ғимараттарға кедергісіз кіріп-шығуы әлі күнге дейін қиын. Олардың қоғамдық ортада еркін жүріп-тұруы үшін жасалып жатқан шаралар мардымсыз. Премьер-министр осы мәселеге арнайы тоқталып: «Көзбояушылық көп», – деді. Үлкен қалалардың өзінде кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарының нәтижесі шамалы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл әсіресе әлеуметтік объектілерге, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет.
Олжас Бектенов: «Денсаулық сақтау министрлігі мүгедектіктің алдын алу және ерте диагностикалау жұмыстарын жақсартқаны жөн», – деді. Себебі әлем елдерімен қатар Қазақстанда да мүгедектіктің өсу тенденциясы байқалады. Кейінгі үш жылда 7 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында мүгедектік 11%-тен аса көбейген. Жүйке жүйесінің аурулары балалар мүгедектігінің құрылымында жетекші орын алады. Ал ересектер бойынша қан айналымы жүйесінің аурулары бірінші орында тұр.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Екінші орында қатерлі ісіктер (26,2%), үшінші орында психикалық аурулар (22,1%). Созылмалы инфекциялық емес аурулардың асқынуын ерте диагностикалау мен алдын алу мақсатында жыл сайын МСАК деңгейінде 3,4 млн адам қан айналым жүйесінің, қант диабетінің, онкологиялық ауруларды ерте анықтау скринингімен қамтылып отыр. Соңғы үш жылда 772 денсаулық сақтау ұйымдарында оңалтуға бейінделген төсек қорының саны 2 есе артып, 8 мыңға дейін жеткізілді. Оңалту көмегінің сапасын арттыру мақсатында медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын стандарт талаптары қайта қаралды.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстар жыл сайын 22%-ке артып келеді. Биыл бұл бағытта 748 млрд теңге жұмсалды.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілер институтына ерекше тоқталып өткім келеді. Бүгінгі күні олардың рөлі артып келеді. Алматыда инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшінің рөлі айтарлықтай күшейтілген, ол тәуелсіз құрылым ретінде жұмыс істейді. Офисі және штат саны бар. Бұл қаладағы түрлі салаларға инклюзия қағидаттарын кешенді енгізуді қамтамасыз етеді. Басқа өңірлер әкімдерінің назарын осы оң тәжірибені енгізу қажеттілігіне аударғым келеді.
Елде әлеуметтік саясаттың жаңа стандарттары бекітіледі. Ол үшін Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдама әзірленіп жатыр. Құжат ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Ақылбек Есемсейіт.