Интернеттегі алаяқтардан қалай қорғанамыз?
Осы киберқылмыстың құрбаны болмас үшін қандай қарапайым шарттарды елеп-ескеруіміз қажет? Әрбір адам күнделікті өмірінде осы аталған жағдайлармен бір рет болса да, бетпе-бет келіп жатады. Мысалы, мессенжерлерге «сілтемемен өтіп, маған дауыс бер» деген сыңайда күдікті жазбаларды жиі алатын болдық. Алаяқтардың қолына жеке мәліметтеріміз қалай түсіп жатыр?
Қуандық Танабас, тілші:
- Осы эфирге дайындық барысында WhatsApp желісіне досымнан хат келіп түсті. Ашып қарасам, қызыма дауыс бер деп жазыпты. Астында сілтемесі тұр. Мұның алаяқтардың ісі екенін бірден түсіндім. Бір қызығы, өзіңіз айтқандай, алаяқтар досымның жеке мәліметтеріне қол жеткізген. Яғни, қызының атын біліп алған, ол аз десеңіз, мына сайтта фотосуреттерін орналастырған. Яғни, бұған сеніп қалған адам дауыс беремін деп сайттың төменгі жағындағы талап-шарттарды орындап, яғни өзінің толық аты-жөнін, жеке сәйкестендіру нөмірін жазып, алаяқтардың құрбанына айналады.
Ішкі істер министрлігінде киберқылмыспен күресетін арнайы департамент құрылыпты. Нәтижелер бар ма?
Жалпы бұрын бұл сала криминалдық полицияның құрамында болатын, енді тек қана киберқылмысты ашумен айналысатын тергеушілерден құралған департамент жұмысын бастады. Қазір оны қажетті мамандармен жасақтау жұмысы жүріп жатыр. Ал статистикаға келер болсақ, биылғы жылдың он айында интернеттегі алаяқтықтың 17 838 фактісі тіркелген. Оның ішінде 3500 қылмыс ашылып, 3000-ы сотқа жіберілген. 1188 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сонда азаматтардың отбасы, балалары, жұмыс орны туралы мәліметтерді алаяқтар қайдан алып жатыр?
Бүгінгі цифрлық заманда адам туралы ақпаратты табу қиын емес деп ойлаймын. Алаяқтар негізінен әлеуметтік инженерияны қолданады. Яғни, сіздің әлеуметтік желілеріңізге кіреді, фотоларыңызды қарайды, оларды өздеріне көшіріп алады да, өздерінің ойларын іске асырады. Осы орайда ақпараттық қауіпсіздік маманының пікірін назарларыңызға ұсынамын.
Ілияс Дабылтай, ақпараттық қауіпсіздік маманы:
- WhatsApp – негізі қатты қорғалмаған желі. Өйткені адамдар оны қорғамайды, отыра береді әшейін және өте маңызды нәрселерді жіберулері мүмкін. Құжаттарын, ЖСН, жеке куәлік, парольдер жібереді. Ол дұрыс емес. Біріншіден, ол ақпаратты қорғау керек, ол ақпаратты парольдеп жіберу керек. WhatsApp-та «двухфакторная аутентификация» деген ұғым бар, ол SMS арқылы WhatsApp-қа кірген кезде тексеру болады. Сіз ол SMS арқылы кіре аласыз.