Маңғыстауда 700-ге тарта науқасқа жәрдемақы төленбеген
Маңғыстау облысында онкологияға шалдыққан 700-дей тұрғынға мүгедектік төлем мен жәрдемақы берілмегені әшкереленді, деп хабарлайды 24KZ. Прокуратура мәліметінше, емдеуші дәрігерлердің жауапсыздығынан олар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілмей қалған.
Заңға сәйкес 3-ші және 4-ші санаттағы «Д» есебінде тұрған, онкологиямен ауыратын адам міндетті түрде сараптамадан өтуі тиіс. Сол арқылы оған мүгедектік төлем, әлеуметтік жәрдемақы, басқа да жеңілдіктер тағайындалады. Денсаулық сақтау басқармасы заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін ғана мәселені шешуге кірісті.
Ғани Боранбаев, облыс прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберудің заңдылығына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде осы санатта өңіріміздегі барлығы 1704 науқас тіркелген екен. Алайда олардың ішінде 661 науқас медициналық әлеуметтік сараптамаға уақтылы жіберілмеді. Бұл – өте үлкен қателік. Бұл заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокуратурамен қадағалау актісі енгізілді.