Қазақстанда кәсіби отбасы институты енгізілмек

Елімізде қиын жағдайға тап болған балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізілмек, деп хабарлайды 24KZ. Әдетте ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар осы күнге дейін интернаттық ұйымдарға тапсырылып келген еді. «Бұл өз кезегінде бала психикасына біраз кері әсерін тигізеді», – дейді мамандар. Осыған байланысты алдағы уақытта тәрбиеленушіні арнайы тіркеуге қойылған отбасылар өз қарауына алуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын таныстыру кезінде айтты.

Кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткерлер бірінші кезекте психологиялық даярлықтан өтеді. Қамқорлыққа мұқтаж балалар анықталған соң бұрынғыдай «балалар үйіне» емес, бірден кәсіби отбасыларға уақытша 6 ай мерзімге табысталады. Олар өз кезегінде тәрбиеленушіні қамқорлығына алып, қоғамдық ортаға бейімдеуге міндеттеледі.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бүгінгі мәселе бойынша пилоттық режимде 4 отбасы іріктелді. Барлық ережелерден өтіп отыр. Бірақ заң қабылданған жағдайда біз 43 отбасын анықтап отырмыз бүгінгі күні.

Министрдің айтуынша, келер жылы тағы 70-тен астам кәсіби отбасы іріктеледі. Бір кәсіби отбасы 4 балаға дейін қабылдай алады. Әр ата-ананың жеке әрі кең баспанасы мен тұрақты жұмысы болуы шарт. 30 бен 63 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар ғана тіркеуге алынады. Қабылданған әр бала үшін кәсіби отбасыға 70 АЕК көлемінде жалақы және 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Жалпы сәбилер үйінде бізде 300-ге жуық балалар бар. Олар – 3 жасқа дейінгі денсаулық жағдайына байланысты ата-аналары қалдырған балалар. Бұл мекемелер Денсаулық сақтау министрлігінің қарауында. Одан бөлек, балаларды қолдау орталығы – бұрынғы балалар үйі. Жалпы интернаттық ұйымдарда республика бойынша 3700 бала бар.

 

Балабақшаларды лицензиялау мәселесі

Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутат білім және тәрбие беру ошақтарын, оның ішінде балабақшаларды лицензиялау тәртібін енгізуді ұсынды. Депутаттық сауалын жолдаған мәжілісмен: «Оқушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін кәсіпкерлікті қолдау саясатынан жоғары қою керек», – деді. Алайда кейбір депутаттар жаппай лицензиялау саясаты сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудыруы мүмкін деген уәж айтты.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен оған келіспеймін. Себебі лицензиялайтын үрдіс басқа мемлекеттерде де бар. Бұрын да болған. Біз егер осы жүйені бір тәртіпке келтіреміз, бала сапалы білім мен тәрбие алсын десек, олардың денсаулығы дұрыс болсын десек, біз оны лицензиялауымыз керек.

Алайда министр Ғани Бейсембаев: «Бұл мәселе тек 2026-2027 жылдары ғана қаралуы мүмкін», – деді. Оның айтуынша, бүгінде лицензиясыз-ақ қызметін адал атқарып жүрген балабақша көп.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бұған дейінгі талаптардың барлығы осы балабақшаларға қатысты тәртіп күшейтілді. Оның деңгейі лицензия тәртібіне дейін көтерілді. Бірақ бұл мәселеге келу үшін балаларды балабақшамен қамту мәселесінде жекеменшік мекемелер үлкен рөл атқарып отыр.

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған білім беру және балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тауып, бірінші оқылымда мақұлданды. Кейбір заңнамалық актілерге байланысты нақты толықтырулар екінші оқылымда ұсынылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков.