Ақмолалық шаруалар дайын бидайды сата алмай отыр

Биыл астық мол. Сол себепті баға да арзандаған. Ақмолалық шаруалар: «Қазір бидайымызды сата алмай отырмыз», - дейді. Өнім көп болған соң элеваторларда орын да тапшы.

Енді жергілікті диқандар: «Ала жаздай күтіп, баптаған өніміміз қардың астында қала ма?» деп қауіптенеді.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Зеренділік шаруа Қайыркен Хасенов биыл 8 мың тонна өнім жинаған. Қазір соның тең жарытысын сатып үлгеріпті. Ал, қалған 4 мыңға жуық астығы осылай қар астында жатыр. Өйткені оны сақтайтын орын жоқ. «Ал, элеваторлар қабылдамайды», - деп налиды. Ылғалы мол бидайды тез арада кептірмесе, шіріп кетуі мүмкін.

Қайыркен Хасенов, шаруа:

- Бірінші мәселе – элеваторлар толық болып, қазір бидайды алмай жатқандығы. Екіншіден, баға саясатының төмен болуы. Мына ауыл шаруашылығын жылдан жылға бірінші ауа райы, екінші бидай бағасының төмен болуы тығырыққа тіреп отыр. Былтыр дұрыс өнім алған жоқпыз және баға да болған жоқ. Ал, биыл өнім бар, сол алған өнімді жақсы бағамен өткізе алмай отырмыз. Элеваторлар алмай жатыр.

Өңірде жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 66 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Қазір олар 70%-ке толған. Элеваторларда астық қабылдау көлемі де шектеулі.

Галина Баранюк, астық қабылдау орнының учаске басшысы:

- Біздің элеватор штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сыйымдылығы – 100 мың тонна. Біз қазір 80%-ке толдық. Астықты тәулік бойы қабылдаймыз, кептіреміз. Күніне шамамен 70-80 көлікті қабылдап жатырмыз.

Шаруалардың базынасын жергілікті билік өкілдеріне де жеткіздік. Олардың сөзінше, астық қабылдауда ешқандай мәселе жоқ. «Тіпті элеваторларда 2,5 млн тоннаға жуық бос орын бар», - деп сендірді. Тек бидайдың бағасына қатысты ештеңе айта алмайды.

Кенеш Әлімжанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазір шаруалар еш қиындықсыз өнімдерін сата алады. Бірақ нарықтағы баға төмен. Сондықтан мұндай жағдайда оларға өнімдерін сақтап, күтуден басқа амалы жоқ. Ал, шаруалардың несиелеріне байланысты біз министрлікке көмек сұрап, сауал жолдадық. Нәтижесінде қарыздары бір айға шегерілді.

Осылайша, бидай бағасының қашан тұрақталатынын жергілікті шенеуніктер де дөп басып айта алмай отыр. Жалпы биыл облыста 6,5 млн тонна өнім жиналды. Бұл өз кезегінде экспортқа да айтарлықтай әсер етеді. Қазірдің өзінде аграрлы аймақта 2 млн тоннадан астам астық экспортталды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко