Талдықорғандықтар смарт аялдамалардың игілігін қашан көреді?
Қыс та келіп қалды. Енді күн суыта түссе, талдықорғандық жолаушылардың жағдай қалай болады? Сол белгісіздеу.
Әрқайсысы 8 млн теңгеге салынған смарт аялдамалардың сапасы нашар. Көбі жабық тұр. Ашығының өзі аңғал-саңғал күйде. Себебі 6 жыл бұрын орнатылып, тиісті күтім көрсетілмеген соң басым көпшілігі бүлінген. Жазда суытатын, қыста жылытатын құрылғысы бар еді. Бірақ қазір істемейді. Енді бұл аялдамалар қашан қалпына келледі?
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Күн суытқанда елге пана, жанға жайлы орын болады деп салынған Белова көшесіндегі мына смарт аялдаманың сиқы осы. Есік, терезесі жоқ, ішіндегі құрылғылары да қолды болғанға ұқсайды. Ішінде жағымсыз иіс шығып тұр. Санитарлық тазалығы да сын көтермейді.
Қала шетіндегі аялдамалардың біразы бүлінген. Жарнама ілетін жері жалбырап, есігі оңайлықпен жабылмайды. Сондықтан кейде үйсіз-күйсіз жүргендер келіп паналайды.
Жібек Кебебаева, қала тұрғыны:
- Бәленбай млн-ға орнаған нәрсе құрып жатыр. «Барлық жерде тәртіпке шақыру керек, жазбау керек», - деп мектепте үйрету керек. «Сындырмау керек», - деп әр ата-ана бала-шағасына айту керек. Өзіміз үшін жасалған нәрсе, өзіміз құртып жатырмыз. Учасковыйлар қараса болар еді. Бақылау жоқ болғаннан кейін осындай болып жатыр.
Ал, орталықтағылары жабық тұр. Сыртында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны жазылған. Қалалық әкімдіктегілер: «2018 жылы салынған аялдамаларды бес жылдық сенімгерлік басқаруға бердік. Бұл мақсатқа 33 млн теңге бөлініп, мердігер қоғамдық көлік күтетін орынның төртеуін талапқа сай етіп жөндеді», - дейді.
Қуаныш Сейтімбетов, қала әкімінің орынбасары:
- Жылытқыш құралдары қалпына келтірілді. Суытқыш кондиционерлер қалпына келтіріліп, сонымен қатар бейнебақылаулар жүргізілетін болады және де таңғы сағат 06:30-дан кешкі 22:00-ге дейін магнитті түрде жабылатын болады. Халыққа өте ыңғайлы жағдайлардың бірі болады. Қыста жылы, жазда салқын. Және де халық Wi Fi тегін пайдаланатын болады.
Қала билігі биыл 21 аялдаманың 12-сін қалыпқа келтіреді. Қалған 9-ын келесі жылы тиісті құрылғылармен жабдықтамақ. «Содан кейінгі бес жылда аталған нысандардың санитарлық тазалығын сақтап, ел игілін көретіндей күйде ұстаймыз», - деп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев