Елімізде биыл заңды өрескел бұзған 21 судья жауапқа тартылды
Елімізде жыл басынан бері заңды өрескел бұзғаны үшін 20-дан астам судья жауапқа тартылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл былтырғымен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бүгін Сенат отырысында Жоғарғы соттың судьясы Нұрия Сисенова осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде тәртіптік жауапкершілікке тартудың жаңа тетіктері енгізілді. Жалпы бүгін жоғарғы палатаның отырысында сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіруге қатысты Заң екі оқылымда мақұлданды. Аталған құжат азаматтарды сот арқылы қорғаудың сапасын арттыруға бағытталған. Заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік кодекстерге бірқатар түзетулер енгізілді. Айталық, азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталады.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сот актісін шығару мәселесінде процестік қатынастардың тұрақты болуы мақсатында АПК-да «Кеңесу бөлмесі және оның құпиялары» институты қалпына келтірілді. Қазақстан Республикасының аумағында экстремизмді немесе террористік іс-әрекетті жүзеге асыратын ұйымды тану туралы азаматтық істерді қараудың жеделдігі үшін мұндай істерді қарау мерзімдері бір айдан он жұмыс күніне дейін қысқартылды. Әкімшілік орган жауапкер болып табылатын талап қоюшының таңдауымен әкімшілік істер бойынша аумақтан тыс соттылықты енгізу ұсынылады.