«Аңсаған сәби»: Павлодар облысында үш жылда 272 сәби дүниеге келді
Биыл Павлодар облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 266 квота бөлінген, деп хабарлайды 24kz.
Дәрігерлердің айтуынша, 84 жұп сәбилі болды. Жалпы соңғы 3 жылда 272 отбасы бала сүйді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Ана мен бала» денсаулығын қорғау бөлімі баласыз жұптарға жан-жақты көмек беруде. «Аңсаған сәби» бағдарламасының шарттары түсіндіріледі.Ерлі-зайыпты тиісті талаптан өткеннен кейін квота кезегіне тұрады. Жоба үш жыл бұрын Президенттің тапсырмасы бойынша басталған еді. Павлодар облысы бойынша жасанды жолмен бала сүйгісі келетін екі мыңдай отбасы тіркелген.
Гүлнәр Жармакина, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің жетекшісі:
- «Аңсаған сәби» бағдарламасы жұмысын бастаған кезеңнен бері, яғни, үш жыл ішінде Павлодар облысында 272 нәресте дүниеге келді. Осы жылы 84 отбасы оң нәтижеге жетті. Олардың екеуі егіз. Сол сияқты 103 теріс нәтиже тіркелді. Қалған 79 отбасы өз кезегін күтіп отыр.