Қазақстанда балабақшаларды лицензиялау тәртібі енгізілуі мүмкін

2026-2027 жылдары елде балабақшаларды лицензиялау тәртібі енгізілуі мүмкін.

Бұл сұрақты Мәжіліс депутаттары қарастырып жатыр. Дегенмен, аталған мәселеге қатысты халық қалаулыларының пікірі қақ жарылды. Мәселен, депутат Еділ Жаңбыршин мектепте дейінгі білім беретін мекемелерде балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың көбейгендігін алға тартып, лицензиялау мәселесін алып тастаған Үкіметке шүйлікті. Ал, Оқу-ағарту министрлігі: «Бүгінде лицензиясыз-ақ қызметін адал атқарып жүрген балабақша көп», дейді. Оның сөзін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та растады. Себебі, кезінде мемлекет кәсіпкерлерді мектепке дейінгі білім мекемелерін көптеп салуға шақырып, қолдау көрсеткен. «Енді қағазбастылыққа жол бермей, олардың өз ісін жүргізуде кедергі келтірмеу қажет», -дейді халық қалаулысы.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жаңалықтардан балабақшалардағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтарды күнде болмағанымен, апта сайын көріп отырмыз. Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай мен және менің әріптестерім білім беру ұйымдарын лицензиялау деген мәселені ұсынғанбыз. Бірақ Үкімет біздің бастамамызды қолдамады. Олардың негізгі уәжі бұл балаларды оқыту мен қамтудың төмендеуіне алып келеді. Енді біз бизнесті қолдауымыз керек пе, балалардың қауіпсіздігін ысырып қойып?

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен бір-ақ мысалы келтірейін, жақында Абай облысының Абай ауданындағы Саржал ауылында болдым. Сол ауылда 2 қабатты жаңадан балабақша салынған. Оны салған кәсіпкер жігіт. Қазіргі талапқа сай. Барлығы бар. Ата-аналар да риза, балалар да риза. Ол азамат сол ауданға 4 балабақша салып отыр. Сондай азаматтарды біз қолдаудың орнына қазір оларға «лицензия алыңдар» деп, басқа да осындай талаптарды қоятын болсақ, әрине, ешкімнің де оған барғысы келмейді.