Еліміздің бірқатар өңірін қарлы боран әбігерге салды

Бүгін еліміздің бірқатар өңірін қарлы боран әбден әбігерге салды.

Павлодарда қатты желдің салдарынан ағаш құлап бір адамды басып қалды. Ол алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды. Ал Ақтөбе облысында дүлей дауыл адамдарды адастырса, елордада құрылыс кранын ұшырған. Ауа райының шәлкез мінезінен зардап шеккен аймақтардағы тілшілеріміз кезек-кезегімен баяндап берсін. 

Риат Шони, тілші: 

- Елордада кеше басталған дүлей дауыл да астаналықтардың мазасын қашырды. Абырой болғанда зардап шеккен адамдар жоқ. Дегенмен, біраз инфрақұрылымға зақым келген. Мәселен, мына бір видеода тұрғын үйлердің бірінің ауласында тұрған күркені жел ұшырып әкетті. Ал Тәуелсіздік көшесі бойындағы ғимарат қасбетінің бір бөлігі жұлынып, автокөлікке құлаған. Салдарынан оның әйнегі сынды. Сондай-ақ қатты жел аялдамалар мен үйлердің шатырын да ұшырып жатыр. Құрылыстағы кран да дауылға шыдас бермей, құлаған. Мамандар боран басылғанша, тұрғындарды үйден шықпауға кеңес береді. Қатты желдің салдарынан қаладағы Алматы мен Сарыарқа аудандарында бірқатар тұрғын үй жарықсыз қалды. Қазір жағдайды қалыпқа келтіру үшін 12 жедел және тағы сонша жөндеу бригадасы жұмылдырылған. Астанада коммуналдық мекеме қызметкерлері күшейтілген тәртіпкке көшірілді. Таңнан бері қала көшелерін қардан тазалау үшін 2 мыңнан астам маман мен 750-ге жуық техника шығарылды. Тағы айта кету керек, бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымда білім алатын 9-сыныпқа дейінгі оқушылар қашықтан оқу форматына ауыстырылды.

Ал Астана халықаралық әуежайында ұшуға жоспарланған 80 рейстің, алтауы, ал ұшып келуі тиіс 82 рейстің алтауы кешіктірілді. Оның төртеуі дәл осы ауа райының қолайсыздығына байланысты екен.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Аймақта дауыл салдарынан жолда қалып қойған жеңіл көліктегі 7 адам құтқарылды. Оның бесеуі бала.

Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Олар жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді. Бүгінде аймақтағы ауа райының қолайсыздығынан кей аудандарда электр сымдары үзілген. 8 үйдің шатыры құлаған. Өңірдегі жағдайға байланысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жедел штаб отырысын өткізді.

Қарағанды облысы

Роллан Есмағанбетов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазір аймақта тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб отырысында әкімдіктер ажыратылған электр желілер жақын арада қалпына келтірілетіндігін баяндады. Жағдай бақылауда.  

Қазір ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметінше, республикалық маңызға ие жолдар ашық. Дегенмен, құтқарушылар алыс сапарға шықпауға кеңес береді.

Риат Шони