Депутат: Жетім балаларға баспана берудің арнайы бағдарламасы қажет
Жетім балаларға баспана берудің арнайы бағдарламасы қажет.
Сенат депутаты Геннадий Шиповских осылай деп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Сенатордың айтуынша, жетім балаларға баспана алуда жеңілдік қарастырылғанымен, кәмелетке толғандардың бәріне бірдей пәтер беріле бермейді. Мәселен, статистикаға сүйенсек, 2022 жылы кезекте тұрған 61 471 жетімнің 852-сі ғана баспана алған. Ал 2023 жылы 62 290 мұқтаж адамның 809-ы ғана тұрғын үйге ие болды. Депутат көптеген жетім оқу орнынан кеткеннен кейін, болашақ өмірін қалай жалғастыру керек екенін білмейтінін атап өтті. Осыған байланысты ол білім алуға мүмкіндік беру үшін колледждер мен жоғары оқу орындарындағы жетім балаларға арналған грантқа квотаны ұлғайтуды ұсынды.
Геннадий Шиповских ҚР Парламенті Сенатының депутаты
- Өкінішке орай, қазір орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл мансап орталықтарының квотасы аясында барлығы 4 275 адам жұмысқа орналасты, оның 85-сі ғана жетімдер. Жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы ғана жетім балалар. Бұл мәселені көтеру себебім өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білемін десем артық болмас.