Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды

Елдегі су басу қаупі басымырақ өзен учаскелерінде 31 деңгейлі гидрологиялық бекет ашылды.

Бұл туралы бүгін Үкіметтің су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кеңесте айтылды. Жуырда Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында 95 шақырым каналды тазарту жұмыстары жүргізілген. Енді орталық, солтүстік және батыс өңірлердегі өзендерге топографиялық түсірілім мен арналардың батиметриясын жүргізу жоспары бар. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен жиында өңір әкімдері де апатты кезеңге дайындық барысын пысықтады. Олжас Бектенов жергілікті жерлердегі жұмыс қарқынын сынға алды. Ол бірқатар облыс әкімдеріне 1 ай мерзімде жоспарланған шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ елді мекендерді барынша қолдауды қолға алып, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын дайындауды тапсырды. Қазір жергілікті атқарушы органдар мыңнан астам шақырым болатын қорғаныс бөгеттерін салып, оны нығайтты. Бүгінде қайта жөнделген нысандарда 63 көпір салынып, 300-ден астам су өткізгіш құбыр төселген. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан алдағы уақытта автожолдар реконструкцияланады. Онда топырақ төсемін биіктетіліп, қосымша көпірлер мен су өткізгіш құбырлар орнатылмақ.