Дауылдан келген шығын көп
Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы тұрғындарды әбігерге салды.
Павлодар облысында дауылдан келген шығын есептеліп жатыр. Өңірде желдің жылдамдығы секундына 32 метрден асқан. Салдарынан ағаштар құлап, ғимараттардың шатыры ұшты. Құлаған ағаштар көліктерді басып жатыр. Электр сымдары үзілген. Кейбір аудандарда жарық сөніп қалды. Өкінішке орай, адам өлімі де бар. Ауа райының шәлкез мінезінен зардап шеккен аймақтардағы ахуалды тілшілеріміз кезек-кезегімен баяндап берсін.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Кеше түннен басталған қатты дауыл Павлодар халқын әлекке салды. Желдің жылдамдығы секундына 32 метрден асқан. Өкінішке қарай адам өлімі де тіркелді. Бүгін, таңертең облыс орталығындағы Естай көшесінде көпқабатты үйдің ауласында құлаған терек әйел адамды басып қалды. Жедел жәрдем қызметі шұғыл түрде жеткенімен 67 жастағы әйелдің өмірін құтқару мүмкін болмады.
Асқар Ғазизов, облыстық жедел жәрдем қызметінің өкілі:
- Үй ауласында ағаш құлап, әйел адамды басып қалғаны туралы хабарлама 7 қараша күні сағат 09:37-де түсті. Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына 6 минутта келді. 1957 жылы туған әйел зардап шеккен. Өкінішке қарай, ол өте ауыр жарақаттар алған. Екі аяғы, кеудесі, жамбас сүйектері мен омыртқасы сынған. Ішкі ағзаларына зақым келген. Әйел адам 3, 4-дәрежелі жарақаттану салдарынан қайтыс болды.
Желдің екпіні толастар емес. 109 бірыңғай байланыс желісіне шағымдар көптеп түсіп жатыр. Бәрінің айтатыны сол шатырлардың ұшуы, ауладағы ағаштардың құлауы. Әлеуметтік желілер түрлі бейнежазбаларға толған. Кейбір тұрғын үйлерде суық су мен ыстық судың тоқтағаны белгілі болды. «Су арнасы» компаниясы электр желісінде ақаулар туындап, су сорғыларының уақытша ажыратылғаны туралы мәлімдеме жасады. Жағдай қалпына келтіріліп жатыр. Ал облыстық Төтенше жағдайлар қызметі мұндай жағдайлардың жалпы облыс көлемінде тіркеліп жатқанын жеткізді.
Қазбек Рымбеков, облыстық ТЖД жедел тобының маманы:
- Қатты желдің нәтижесінде облыс бойынша шатырлардың төбе жабындылары бұзылуының 15 фактісі тіркелді. Аталмыш жағдайлар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және Баянауыл мен Ақтоғай аудандарында орын алды. Сонымен қатар бірқатар аудандарда Ақтоғай, Баянауыл,Май, Ертіс, Шарбақты, Успен, Аққулы аудандарында электр қуатын өшірілуінің 28 фактісі тіркелді.
Шідерті кентінде көппәтерлі үйдің шатыры ұшса, Шиқылдық ауылында мектеп қазандығы, Ақсу қаласында жасөспірімдер мен балалардың спорт мектебінің төбесі зақымданған. Қатты жел үйлер мен ғимараттардың қасбеттерін жұлып әкеткен. Қала көшелеріндегі үзілген желілер, бағдаршамдар, электр тарату желілерін қалпына келтіруге 15 апаттық бригада кірісті. Құлаған ағаштарды жинаумен 10 бригада айналысып жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығында және қалаға қарасты ауылдарда зақымданған электр желілерін қалпына келтіруге 18 жедел бригада жұмылдырылды. Ал, синоптиктер қатты дауыл тәулік бойы соғатынын ескертуде.
Солтүстік өңірлерде ауа райы құбылып тұр
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Ақмола облысында кешелі бері күн райы күрт құбылып, халықты әбігерге салып жатыр. Кешегі бұрқасыннан 700-ден астам көлік жолда қалды. Оларға жергілікті тәртіп сақшылары жол бастап, қауіпсіз жерге жеткізді.
Уәлихан Жүнісбеков, облыстық ПД басқарма бастығының орынбасары:
- Осы жолдарда полиция департаментімен 45 полиция қызметкері, оның ішінде 30-дан аса автопатрульмен жұмыс жасалды. Автожолдарды тазарту жүргізілгеннен кейін шектеулер алынып, Астана қаласы мен Көкшетау қаласының арасындағы 700-ден астам көліктің жүруін жүзеге асырды. Сопровождение жасадық.
Жалпы кешелі бері аймақтағы жолдарға 14 блок-бекет қойылған. Онда тәртіп сақшыларымен қатар, құтқарушыларда тәулік бойы кезекшілік етті.
Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Қазір аймақтағы автожолдың бәрі ашық. Бірақ, бұрқасын тағы күшейсе жолдар қайта жабылуы мүмкін. Қазір аймақта 12 мыңға жуық адамға арналған 277 жылыту бекеті дайындалды.
Ал синоптиктер көктайғақ пен жел алдағы демалыс күндері де сақталатынын айтады. Сондықтан, мамандар, жүргізушілерге алыс жолға сапар шекпеуге кеңес береді.
Салтанат Оңайбаева, "Қазгидромет" РМК филиалының қызметкері:
- Алдағы күндері облыс аумағында көктайғақ болып, жел күшейеді. Тіпті, желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетеді деп болжанып отыр. Аймақта күн де салқындайды. Сынап бағанасы күндіз 5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Көршілес Петрапавл қаласында да ауа райы құбылып тұр. Онда көктайғақ пен бораннан 120 адам зардап шеккен. Оның алтауы ауыр жараланып, ауруханаға түскен.
Денис Петров, травматолог:
- Ауа райына байланысты травматология бөлімдері күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. 44 адам сынықпен, 46 адам жарақатпен түсті. Жол апатынан зардап шеккендер де бар. 50 адамға гипс салдық. Адамдарды аяқ киімді мұқият таңдап, алкоголь ішпеуге, абай болуға шақырамыз.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Бұдан бөлек теріскейде өткен тәулікте үш жол көлік апаты тіркелді. Салдарынан үш адам жарақат алған. Қазір олардың жағайы қалыпты. Осылайша Солтүстік аймақтағы ауа райы әзірге тұрақталмай тұр. Осыған байланысты автожолдарда жылыту бекеттері ұйымдастырылған.
Риат Шони, тілші:
- Елордада кеше басталған дүлей дауыл да астаналықтардың мазасын қашырды. Кешеден бері травмотология бөлімшелеріне 140 адам жүгінген. Оның 30-ы бала. Қалада біраз инфрақұрылымға зақым келген. Мәселен, мына бір видеода тұрғын үйлердің бірінің ауласында тұрған күркені жел ұшырып әкетті. Ал Тәуелсіздік көшесі бойындағы ғимарат қасбетінің бір бөлігі жұлынып, автокөлікке құлаған. Салдарынан оның әйнегі сынды. Сондай-ақ қатты жел аялдамалар мен үйлердің шатырын да ұшырып жатыр. Құрылыстағы кран да дауылға шыдас бермей, құлаған. Мамандар боран басылғанша, тұрғындарды үйден шықпауға кеңес береді. Қатты желдің салдарынан қаладағы Алматы мен Сарыарқа аудандарында бірқатар тұрғын үй жарықсыз қалды. Қазір жағдайды қалыпқа келтіру үшін 12 жедел және тағы сонша жөндеу бригадасы жұмылдырылған. Астанада коммуналдық мекеме қызметкерлері күшейтілген тәртіпкке көшірілді. Таңнан бері қала көшелерін қардан тазалау үшін 2 мыңнан астам маман мен 750-ге жуық техника шығарылды. Тағы айта кету керек, бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымда білім алатын 9-шы сыныпқа дейінгі оқушылар қашықтан оқу форматына ауыстырылды. Ал Астана халықаралық әуежайында ұшуға жоспарланған 80 рейстің, алтауы, ал ұшып келуі тиіс 82 рейстің алтауы кешіктірілді. Оның төртеуі дәл осы ауа райының қолайсыздығына байланысты екен.
Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Аймақта дауыл салдарынан жолда қалып қойған жеңіл көліктегі 7 адам құтқарылды. Оның бесеуі бала. Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Олар жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді. Бүгінде аймақтағы ауа райының қолайсыздығынан кей аудандарда электр сымдары үзілген. 8 үйдің шатыры құлаған. Өңірдегі жағдайға байланысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жедел штаб отырысын өткізді.
Роллан Есмағанбетов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары қарағанды облысы:
- Қазір аймақта тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб отырысында әкімдіктер ажыратылған электр желілер жақын арада қалпына келтірілетіндігін баяндады. Жағдай бақылауда. Қазір ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметінші республикалық маңызға ие жолдар ашық. Дегенмен, құтқарушылар алыс сапарға шықпауға кеңес береді.
Риат Шони, тілші:
- Енді әріптестер, елордадағы бүгінгі ахуал осындай. Кеше басталған дүлей дауыл әлі басылған жоқ. Енді біз де тұрғындарға барынша алысқа шықпай, үйде отыруға кеңес береміз.