Эксклюзив: Алдыңғы шептің алдаспаны
Елімізде шабуылдың кез келген түріне тойтарыс бере алатын бір арнайы жасақ бар.
Олар антиттеррорлық операциялардан бөлек майдан даласында ұрыс жүргіузге әбден машықтанған. Құрамында кіл сен тұр, мен атайын дейтін әмбебап жауынгерлер. Ол жасақ Арнайы Операциялар Күштері деп аталады.
Мерей Қанапия, тілші:
- Әлем елдерінің тәжірибесінде бейбітшілікті қаласаң әркез соғысқа дайын бол деген қағида бар. Мұны қазақ әскері ешқашан естен шығарған емес. Соның ішінде Қорғаныс министрлігінің арнайы операциялар күштерін ерекше айтуға болады. Олардың алдынан тау кездессе шыға білетін, жол кездессе жүре білетін тіпті су кездессе жүзе білетін қабілеті бар.
Арнайы Операциялар Күштері осыған дейінгі әр жаттығуын ешкімге айтпай, көрсетпей, барлығын құпия ұстап келді. Олар туралы ақпарат баспасөз беттерінде жоқтың қасы. Артынша арнайы жасақ өкілдері, түсіруге болмайды деген қатаң қағиданы бір сәтке жеңілдетіп, елге көрсетуге мүмкіндік берді.
Арнайы Операциялар Күштері Қолбасшылығы мемлекет басшысының тікелей пәрменімен 2022 жылы құрылды. Бүгінде елдің барлық өңірінде өз бөлімшелері бар. Олар әуеде, құрлықта және суда ұрыс жүргізуге бейімделген. Яғни шекараны басып кірген жауға қарсы алғашқылардың бірі болып дәл осы элиталық жасақ жұмылдырылады.
Арнайы операциялар күштерінің жауынгері:
- Біздің жасақтың ерекшелігі тереңдетілген физикалық дайындық. Және моралдық-психологиялық және оқу-жаттығулары күрделі әрі нақты жүреді. Мұндағы бір қателік өзіңе ғана емес қасыңдағы қарулас бауырларыңа кесірі тиіп кетуі мүмкін. Сол себепті біз өте терең дайындаламыз.
Қазір жауынгерлер түнгі дайындықтарын бастап кетті. Оларға қойылған негізгі тапсырма аумақты жаудан тазарту.
Жауынгерлік құрам тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттерден құралған. Түсірілім барысында кезінде “Арлан”, “Арыстан”, “Бүркіт” секілді арнайы жасақтарда қызмет еткен тәжірибелі жауынгерлерді кезіктірдік. Командирлердің айтуынша, 2 апталық іріктеулер мен сынақтар өте қатаң түрде өтеді. Онда үміткерлер физикалық тұрғыда мықты болғанымен психологиялық тұрғыда әлсіздер жиі кездеседі дейді. Яғни іріктеуге 10 адам келсе, соның 2-уі өтеді деген сөз.
Арнайы операциялар күштерінің жауынгері:
- Ұзақ қашықтыққа жүгірген кезде адамдардың шыдамдылығы психологиялық тұрғыдан артықшылықтары, кемшіліктері көрінеді.
Іріктеуден өтпеген жігіттерге біз ешқашан есігімізді жаппаймыз. Олар келесіде дайындалып келуге мүмкіндігі бар. Яғни іріктеуден қалай кетіп қалды соған байланысты негізі.
Айта кетейік, сюжетте көргеніңіз тек бергі жағы ғана. Ал негізгі жаттығулары мен тактикалық іс-қимылдары құпия сақталады.
Мерей Қанапия, Мұрат Әріпхан, Берік Шаров