Отандық ортопедия саласында үздік технологиялар қолданылады

Отандық медицинада робототехника мен жасанды интеллектіні қолдану көрсеткіші артады.

Бұл туралы бүгін Алматыда басталған Орталық Азиядағы бірінші ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Онда 14 елдің жетекші мамандары мен дәрігерлер озық медициналық технологияларды талқылады. Ортопедия мен травматологиядағы қолданбалы ғылым тәжірибесімен бөлісті.

Саладағы түйіткілді мәселелерді талқылауға келген шетелдік профессорлар биомеханикалық зерттеу жұмыстарын таныстырды. Грекия өкілі Танос Бадекас еліміздегі медициналық мекемелердің тәжірибесінде жасанды интеллект қолданылып жатқанын атап өтті. 

Танос Бадекас, ортопедтер мен травматологтар қоғамының президенті /Грекия/:

«Біз жасанды интеллектіні екі салада пайдаланамыз: радиография және қозғалысты талдау. Қозғалысты талдау жүйесі дененің әртүрлі бөліктерінің қалай жұмыс істейтінін және қай аймақтардың күйзеліске ұшырағанын түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы- омыртқа немесе жамбас буындары. Бұл импланттардың орнын дәл анықтауға және олардың нақты құрылымын дамытуға көмектеседі.

Отандық мамандар халықаралық тәжірибені үйреніп, өз жобаларымен бөлісуге дайын. Елімізде алдыңғы қатарлы технологиялар мен имплантанттар белсенді қолданылады. Мәселен, отандық ғалымдар қол мен аяққа арналған бионикалық экзопротез жасауда. 

Ерсін Жүнісов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

«Алғашқы қолданған нәтижелеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. 99,6 пайыз дәл түсіп жатыр жасанды интеллект. Яғни ондай ауыр жарақатпен түскен пациенттерде жасанды интеллект бізге жылдам анықтап береді қандай емдеу техникасын, технологиясын қодану керек». 

Жақында Алматыда жасанды интеллект арқылы бірегей ортопедиялық операциялар жасалды. Дәрігерлеріміз үндістандық әріптестерімен бірге роботтың көмегімен бірнеше науқастың тізе буындарын сәтті ауыстырды.

А.Садуақас, Р. Жақыпов