Өскемендегі шағынауданда су мен жарық жоқ

Өскемендегі 25-шағынауданға бірнеше жыл бұрын су құбырын тартып, электр бағандарын орната бастаған еді.

Алайда бұл жұмыстар аяқсыз қалды. Салдарынан тұрғындар инфрақұрылымның игілігін әлі көре алмай отыр. Мұндағы жұрт жергілікті биліктен талай рет көмек сұрап барған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ дейді.

Александр Кожехов 25 шағынауданда 15 жылдан бері тұрады. Жергілікті биліктен көмек болмаған соң өзі жел генераторын орнатып,  электр энергиясын өндірмек болыпты.

Алайда бұл маңайда желдің күші жетпей, құрылғысы қаңырап қалды. Амалы таусылған зейнеткер, біраз жылдан бері бензинмен жұмыс істейтін генератор қолданып жүр. Оның өзін аптасына тек екі-үш рет қосады. Себебі шығыны көп. 

Александр Кожехов, шағынаудан тұрғыны:

- Күнде қосуға шамам жетпейді, жанармай көп кетеді. Аптасына 3 рет қолданамын, өйткені теледидар көріп, ақпарат  тыңдағың келеді дегендей. Қала әкімінен күдер үздік біз. Ендігі үміт облыс әкімдігінде, осы жағдайымызды назарға алып тұрғындарға қолайлы жағдай жасап беруге көмектессе деген тілегіміз бар.

Жол мәселесі тағы бар. Жауын-шашын күндері ми батпаққа айналып, қаламен қатынас  қиындайды.

Жергілікті биліктің жоспарына сенген талай тұрғын осында үй салып, енді кіре алмай жүр. Ал Есімхан Шыңқожиннің жер телімін алғанына 12 жыл болыпты. Құрылысын бастай алмай әлек. 

Есімхан  Шыңқожин, қала тұрғыны:

- Он екінші жылы алғам жерді, содан бері қарай неше жыл налогын төлеп келе жатырмын, биыл тағы ұзартып қойдым 3 жылға. 

Шағынауданға ауыз су желісін жүргізу жұмысы 3 жыл бұрын басталған. Құбырлар да жүргізілген. Алайда  шаруа су сорғы станциясын салуға келген кезде құрылыс  тоқтаған. Себебі электр энергиясы жетпеген. Мердігер компания электр желісін уақытында жүргізбеген. Ақыры іс сотқа дейін жетті.  Соттасумен шаруа бітпесін білген тараптар қазір бейбіт келісімге келді. 

Әлішер Бекен, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Егер соттасып, өзара келісімнің күшін жояр болсақ, қайта конкурс өткізуге мәжбүр боламыз. Сөйтіп құрылыс-монтаж жұмыстары әлі екі жылға созылып кетуі ықтимал. Сондықтан мердігермен  бейбіт келісімге келдік.

Болат Сыптаев, мердігер компанияның директорлар кеңесінің төрағасы:

- Желіні іске қосу үшін біз қосалқы станциялар қоюымыз керек. Қазір зауытта сондай 3  шағын құрылғы дайындалып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 10 қосалқы станция орнатамыз. Жалпы бұл аумаққа 40 дана  керек.

Мердігер жыл соңына дейін электр желісін тартуға уәде берді. Әзірге аудан жұртының біразы генератормен, ал қалғаны жекеменшік трансформаторға қосылып, амалдап отыр. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов