Алматыда хостелдегі өрт ісіне қатысты куәгерлер тыңдалды
Алматыда бір жыл бұрын болған хостелдегі өртке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.
Бүгін куәгерлер тыңдалды. Солардың бірі, хостелдің әкім-шісі Татьяна Глызина. Ол онда азаматтық некедегі жолдасымен бірге тұрған. Сол жерде жұмыс істеген. Әйелдің айтуынша, таңға жақын адамдардың айқай-шуынан оянған. «Ғимараттың іші көк түтін болды. Бәрі қашып шығып жатты», дейді. Ол бұған дейін тергеушіге берген жауабында өрт хостел тұрғындарының бірінің электр самокаты батареясының қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін екендігін айтқан. Себебі самокатты қуаттау үшін хостелдің дәлізіне қойған. Дегенмен, бүгінгі сот отырысында хостелдің әкімшісі өрттің әдейі қойылуы мүмкін екенін алға тартты. Еске сала кетейік, өрт кезінде 13 адам қаза тапты. Бұл іс бойынша ғимаратты жалға алған хостелдің иесі Әділбек Мұхамедияров пен өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатқан маман Александр Пекельникке айып тағылды. Екеуі де өздерінің кінәсін мойындаған жоқ.