Қараусыз қалған Бадам өзенінің жағалауы абаттандырылады
Шымкентте қараусыз қалған Бадам өзенінің жағалауы қайта абаттандырылады.
Қазір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жер тегістеу және суару жүйелерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің айтуынша, барлығы 30 мың шаршы метр жер көгалдандырылады. Эко жүйені қалыптастыру мақсатында көпжылдық үйеңкі, шынар ағаштарының көшетін егу жоспарланған. Жаяу жүргіншілер жолы мен веложол төселеді. Балалар ойын алаңы салынып, спортпен шұғылдануға жағдай жасалады. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін де инклюзивті элементтер ескерілмек. Бұған дейін өзен жағалауына күрделі жөндеу жасалғанымен, оны күтіп-ұстау жұмыстарына қаржы қаралмаған болатын.
Әдіһам Өмірзақ, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Бұған дейінгідей қараусыз қалмайды. Қазіргі таңда өзіміз гүлзарларға, тазалыққа қарайтын, абаттандыру, көгалдандыруға қарайтын жұмыстарын мекемелерге тапсырамыз. Алдыңғы күйін кешпейді. Жыл соңына дейін өткіземіз. Бізде олармен келісімшарт бар.