Тамара Дүйсенова аудандардағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты
Қарағанды облысының әкімі «Қазақмыс» және «Qarmet» компанияларымен меморандумға отырды.
Енді аталған алпауыт компаниялар жұмысшыларын тамақтандыруға қажетті өнімдерді жергілікті өндірушілерден алуға міндеттелді.
Негізгі мақсат – отандық кәсіпкерлерді қолдау. Бұл туралы облысқа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да айтты. Вице-премьер аудандарға барып, мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Өңірде «Ауыл медицинасын дамыту» бағдарламасымен 92 нысан салынады
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова алдымен Бұқар жырау ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысты. «Ауыл медицинасын дамыту» жобасымен Самарқанд елдімекенінде дәрігерлік амбулатория жақында халық игілігіне тапсырылмақ. Ескі ғимараты бірнеше жыл бұрын өртеніп кеткен еді. Енді ауыл дәрігерлері жаңа нысанда 1300 тұрғынға қызмет көрсетеді. Жалпы бағдарламамен облыста 92 медициналық нысан салу жоспарда.
Рымтай Қапабаева, жалпы тәжірибелік дәрігер:
- Бұл ғимараттың ішінде зертханасы болады. Дәрігерлік қойма, физкабинет ашылайын деп жатыр. Сосын көптеген кабинеттері бар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен былтыр 456 жеңілдетілген несие берілді
Шалғайдағы жұртқа шарапаты тиіп тұрған бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты». Үкімет басшысының орынбасары бағдарлама қатысушыларымен кездесті. Петровка ауылының тұрғыны Темірлан Қанатов өз жобасын қорғап, жеңілдетілген несие алды. 11 сауын сиыр сатып алып, сүтін фабрикаға өткізіп отыр. Қазір түскен табыспен несиені өтей бастаған.
Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен жиында осы «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді тұстары мен іске асу барысы айтылды. Ауылдықтар қолға алған ерекше жобалар таныстырылып, басқарма басшылары мен әкімдерге алда атқарылатын жұмыстар түсіндірілді. Былтыр жоба аясында 456 шағын несие беріліп, 639 жұмыс орны ашылған.
Сондай ақ, жиында облыс әкімі өңірдегі ірі екі компаниямен меморандумға қол қойды. Құжат негізінде компаниялар жұмысшыларына қажетті азық-түлікті жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінен алуға міндеттелді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Облыстың өзіндегі де мүмкіндіктерді пайдалануды қарастыру керек екенін айттық. Қазір Қарағанды облысы «Қазақмыс» және «Qarmet» компанияларымен меморандумға отырды. Онда 63 мыңнан астам жұмысшылар еңбек етеді. Оларға бір реттік тамақ беріліп жатыр. Соған облыстың ауыл шаруашылығынан өнімдерді сатып алатын болады. Жалпы екі мекеме 10 миллиард теңгеге өздеріне тамақ сатып алады екен.
Спорт саласын дамытудың басымдықтары айтылды
Үкімет басшысының орынбасары өңір спортын дамыту мәселесі бойынша да жиын өткізді. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жоспарлы өзгерістер туралы баяндады. Алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Бұл болашақ чемпиондарды дайындайтын мектептердің әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Алғашқы пилоттық жоба Теміртаудағы спорт мектебінде жүзеге асады.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Сметалық қаржыландыру болса балалар мен жасөспірімдер мектептерінің жағдайына жеткіліксіз болып тұр. Жалақысы төмен, жарыстарға бара алмайды, құрал-жабдықтарды сатып ала алмайды. Енді жаңадан жан басына қаржыландыру моделін енгізсек, сол ең басты мәселе.
Тамара Дүйсенова жауаптыларға өңір экономикасының әлеуетін арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыра отырып, Президент өз жолдауында айқындап берген басымдықтарды назарға алуды жүктеді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар