Гидротехникалық құрылымдарға тексеру жүргізілді
Келер жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында бассейндік инспекциялар елдегі гидротехникалық нысандарға тексеру жүргізді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің айтуынша, барлық су қоймалары қазір бекітілген кестеге сай жұмыс істеп тұр. Тобыл-Торғай бассейнінің су қоймаларында 62, Есіл бассейнінде 85, Жайық-Каспий бассейнінде 37, Ертіс бассейні 83 пайыз су бар. Сондай-ақ Нұра-Сарысу, Балқаш-Алакөл, Шу-Талас бассейндерінде су жеткілікті. Қазір Қазақстанда 8 бассейндік инспекция жұмыс істейді.
Аңсаған Ермек, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі қоғаммен байланыс басқармасының сарапшысы:
- Барлық су қоймалары бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр және жоспар су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетілетін болады. Қазіргі уақытта солтүстік, батыс және шығыс өңірлердегі су қоймаларынан су жіберілуде. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын қабылдауға бос орынды қамтамасыз ету үшін жасалуда. Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. Судың мол болуына байланысты, 76%-ға толған Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасы транзиттік режимге ауыстырылады.