Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жаңа әлеуметтік нысандар салынады
Бұған дейін Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекетке қайтарылған қаражаттың бір бөлігі Түркістан және Ақмола облыстарында әлеуметтік нысандар салуға жұмсалды.
Алғашқы екі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Қос өңірдің балалары үшін спорт кешені мен өнер мектебі бой көтереді.
Мемлекет сыртқа кеткен қаржыны қайтарып, оны ел игілігіне бағыттауды жалғастырып отыр. Осының арқасында Ақмола облысының Зеренді ауылында ауданы 6 мың шаршы метрден асатын спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан бір ауысымда 80 адамды қабылдайды. Онда аудан тұрғындарының барлық спорт түрімен айналысуына жағдай жасалынады.
Хаси Жуасов, Зеренді ауылының тұрғыны:
- Спорт мектебі салынады деген жаңалықты естігенде қатты қуандым. Балалар үшін тосын сый болары анық. Өз басым 15 жыл бойы аудандық спорт бөлімін басқардым. Ескі ғимарат өткен ғасырдан ортасында салынған. Әбден тозған.
Қазір Зеренді ауданында 14,5 мыңнан астам тұрғын жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Жобаға сәйкес, кешенде күрес, бокс, шаңғы тебу сынды секциялар болады. Екі жаттығу залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады.
Ал бұл Түркістан облысының Темірлан ауылындағы өнер мектебі. 1974 жылы қабырғасы қаланған ғимарат санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Енді оның орнына 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр.
Сәуле Әбішева, өнер мектебінің мұғалімі:
- Бұл жердің соғылғанына 50 жыл болды. Қаншама түлектер ұшып жатыр бұл жерден. Жаңа ғимарат салады деп қуантып жатырсыздар. Ауылға көңіл бөліп жатқанына өте қуаныштымыз. Бізге заманауи үлгіде болса, тіпті болса қазіргі жаңаша базада аспаптарымыз жаңартылса.
Жаңа өнер мектебін салуға 890 млн теңге қаржы бөлінеді. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.
Нұриддин Шәмшіұлы, «Ордабасы Оттары» аудандық газетінің редакторы:
- Қазір енді талап басқа, уақыт басқа. Сондықтан Темірланға жаңадан ғимарат салу жоспарланып жатыр. Осындай ауыл мектебіне көңіл бөліп, өнердің дамуына ұйытқы болып отырған ұжымға ғимарат салу үшін рахмет айтуымыз керек. Ал ауданның 60 жылдығына үлкен тарту болады деп ойлаймын.
Мемлекетке қайтарылған қаражат Арнаулы қорда сақталады. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салуға, басқа да әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Авторлары: Риат Шони, Қуандық Танабас