Астанада «Аналар кеңесінің» 10 жылдығына орай республикалық форум өтті
Ұйымға бүгінде 19 мыңнан астам әйел мүше, деп хабарлайды 24kz.
«Аналар кеңесі» жыл басынан бері 5 мыңнан астам іс-шара өткізіп, кейінгі жылдары қоғамдағы рухани, әлеуметтік мәселелерге белсене араласып келеді. «Ақ орамал», «Сырғалым», «Мәдениетті ұлт – мәдениетті ана» сияқты бірнеше ірі жобаны іске асырған. Тіпті вейпке тыйым салған заң жобасының жүзеге асуына да осы кеңес мүшелері бастамашы болған. Сондай-ақ «Әйелдердің құқығын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңның жұмыс тобына қатысқан. Ал қазір лудомания, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Салауатты сана» жобасын насихаттап жүр. Форум барысында прокурор Айжан Аймағанова «Тәртіпті өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын өткізуді ұсынды.
Айжан Аймағанова, Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы:
- Оның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау. Осы арқылы жастарды құқық бұзушылық кеселдерінен аулақ болуға тәрбиелейміз.