Қарағандыда «Сәби даму» пилоттық жобасы қолданысқа енгізіледі

Қарағанды облысында балабақшаға бармайтын балалар үшін «Сәби даму» виртуалды жобасы тәжірибеге енгізіледі.

Соның арқасында сәбилердің жетілуіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ал өңірдегі 10 мектепке арнайы жоба аясында 2 млрд 750 млн теңге инвестиция салынды. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова облыстағы бірқатар білім және денсаулық сақтау нысандарында болып, атқарылған жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді.

«Сәби даму» пилоттық жобасының тиімді тұстары көп», - дейді мамандар. Бұл үйде болатын сәбилердің ой-өрісін жетілдіріп, ата-аналарды қолдауға бағытталған бірегей жоба саналады.

Фарида Ақшолақова, «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы» ЖШС директоры:
- Егер бала мазасызданып жыласа, ұйқысы бұзылса немесе далаға серуендету керек болса, тәрбиеші мамандар оның ата-анасымен бірлесіп жұмыс істейді. Осылайша бала тәрбиесіне жан-жақты көңіл бөлінеді. Бұған қоса балалардың ой-өрісін дамытуға жағдай жасалады. Мысалы ойлау қабілетін жетілдіретін түрлі мультфильмдер көрсетеміз.

 Үкімет басшысының орынбасарына мектепке дейінгі тәрбие берудің өзге өңірлерде жүзеге асқан жобалары таныстырылды. Мысалы, Таразда балабақшаларға енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі ата-аналар мен мекеме арасындағы өзара байланыс пен ашықтықты нығайта түскен. Жоба аясында ата-аналар арнайы мобильдік қосымшамен баласының балабақшаға келген күндерін белгілеп, соның негізінде мемлекеттен  мекемеге ақша аударылып отырады.

 Жанар Оспанова, Тараз қаласы №9 бөбекжайының меңгерушісі:
-
Біріншіден, ата-ана жақсы мүмкіндік алып отыр. Балабақшаны таңдайды және де қаржыны өзі бақылайды ата-ана. Екіншіден, мекемелердің бір-бірімен бәсекелестіктері арта түсті. Өйткені ата-ана 4 балабақшаны таңдайды. Бұрын барлығымыз бірдей жұмыс істесек, қазір барлығы ата-аналар арқылы көрініп жатыр.

Ауылдық тірек мектептерге ₸2 млрд 750 млн инвестиция салынды

Тамара Дүйсенова білім беру саласы мамандарымен өткен жиында балабақша мен мектеп жұмысын үйлесімді жүргізуге қатысты тапсырма берді. Балалар балабақшадан соң мектеп табалдырығын именбей аттауы тиіс. «Ол үшін ерте бастан әр сәбидің жеке даму картасы дайындалып, бастауыш білім ошақтарына жіберілуі қажет», - деді вице-премьер. Өңірде орта білім беру саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Қазір облыстың 10 ауылындағы білім ошақтарына тірек мектептерді дамыту жобасы аясында 2 млрд 750 млн теңге инвестиция салынған.

Данияр Тоқтарбаев, «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының директоры:
- «
Ауылдық жерлерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» деген ауқымды үлкен жобаны іске асырып келеміз. Негізгі мақсат – ауыл мен қала арасындағы білім сапасының айырмашылығын қысқарту. Яғни ауылдағы балаға қаладағы құрдасымен бірдей сапалы оқу ордасын дайындап беру. Бұның ішінде ұстаздарды оқыту бағдарламасы кіреді, мектептің материалдық базасын толықтай жаңарту және де мектептерді академиялық, әкімшілік жағынан сүйемелдеу.

Жұмысшы мамандар сұранысқа ие болады

2025 жыл – жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланған. Қарағанды облысында бұл бағытта колледждерде ауқымды жұмыстар басталып кетті. Мысалы құрылыс-техникалық колледжінде «Бесаспап» жобасы аясында студенттер сантехник, жиһаз шебері, электрик мамандарымен бірлесіп халыққа қызмет көрсетеді. Сол арқылы оқу орнына табыс әкеледі. Бұған қоса мүгедектігі бар жандарды да түрлі кәсіп бойынша оқытып даярлайды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-
Бүгін біз техникалық-профессионалдық колледждердің ішінде құрылыс колледжіне бардық. Мұнда оқып бітірген шәкірттердің 88 пайызын жұмыс берушілер алып кетеді екен. Екінші тағы бір көңіл аударатын шара, 82 мүгедектігі бар бала оқуда. Олар да өздерінің кәсібін алып, ертең жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар. Бізде қазіргі ең негізгі мәселе сол. Ааматттарға өз кәсібін беріп, ары қарай жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік жасау.

Фармацевтикалық кешен дәрі-дәрмекті таңбалау жобасын жүзеге асырды

Облыстағы фармацевтикалық кешен дәрі-дәрмек препараттарын таңбалау бойынша пилоттық жобаны екі жыл бойы сынақтан өткізіп, сәтті жүзеге асырды. Таңбалау өндірушіден-тұтынушыға дейінгі бақылауды күшейтуге, контрафактілік препараттардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сергей Барон, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры:
-
Биыл 16 түрлі препарат шығарып жатырмыз. Өндіріс қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Отандық дәрі-дәрмек тұрғындарға қолжетімді. Бізден шығатын препараттар түгел таңбаланады. Бұл заңды жұмыс істеп жатқан дәрі өндірушілер үшін қажет жүйе. 

Үкімет басшысының орынбасары қаладағы ірі дәрі-дәрмек қоймасының және емханадағы дәріхананың жұмысымен танысты. Осыдан соң сала мамандарымен жиын өткізіп, өңір медицинасының аяқалысы талқыланды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-
Денсаулық сақтау саласындағы дәрі-дәрмектерді маркировкалау мәселесі, сонымен бірге мынау медициналық кадрлармен қамтамассыз ету мәселесін, сонымен бірге медициналық көмекті көрсететін инфрақұрылымын кеңейту, дамыту мәселесін қарастырдық. Бұл жөнінде облыста жақсы жұмыстар атқарылып жатыр деп айтуға болады.

Вице-премьер әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыра отырып, Президент Жолдауындағы басымдықтарды назарға алуды жүктеді.

Авторлары:Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар