Қостанай облысында қалдықты қайта өңдеуде қиындық көп

Қостанай облысы тұрмыстық қалдықты сұрыптап, кәдеге жарату ісін ширатқан.

Өңірде қоқыс өңдеу үлесі кейінгі жылдары он есе өскен. Алайда шешімін күткен мәселелер аз емес. Соның ең негізгісі-жұмыс қолының тапшылығы.

Мынау Қостанай қаласының орталық қоқыс полигоны. Күніне бұл жерге 180 тонна тұрмыстық қалдықтар төгіледі. Алты жыл бұрын полигон басында қоқысты сұрыптау желісі орнатылған болатын. Бірақ оны осы күнге дейін іске жаратқан ешкім болған жоқ. Тек екі ай бұрын ғана жаңа құрылтайшы келіп, сұрыптау желісі жұмыс істей бастады. Қазір мұнда күніне 12 тонна пластик, шыны, темір қалдықтары іріктеліп, нығыздалып, буылып,түйіліп қабылдау орындарына жіберіледі. «Бұл көлемді әлі де арттыруға болар еді, бірақ жұмыс қолының тапшылығы оған мұрша бермей тұр», ­­– дейді кәсіпорын құрылтайшысы.     

Ерлан Құлманов, коммуналды кәсіпорын құрылтайшысы:

- Біздің кәсіпорынға жүргізушілер, жүк тиеушілер керек. Сұрыптау желісінде қазіргі кезде 18 жұмысшы бар. Кемі әлі 50 адам қажет. Айына 300 мың теңге төлеуге әзірмін. Бірақ оған да ешкім келгісі жоқ.

Полигоннан жиналған қалдықтар өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Қазір облыстың өзінде 13 жеке компания қайталама шикізатты өңдеумен айналысады. Олар 15 түрлі дайын өнім шығарады.

Цех басшысы пластик қалдығынан жасалған тас төсеніштің басқа төсеніш түрлеріне қарағанда мықты екендігін айтады. Бірақ электр энергиясы көп жұмсалатындықтан бағасы қымбаттау. Сондықтан сұраныс төмен. Осы цехта өндірілетін құдық қақпақтары да алушысын таппай тұр. 

Михаил Воронков, пластик өңдеу цехының басшысы:

- Шикізат бар, адамдар бар. Тұрмыстық қалдықтардан төбе жабындысы, плитка сияқты бірнеше өнім түрлерін шығара аламыз. Тек бізге өткізетін нарық керек.

Қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуді жетілдіре түсу үшін келер жылы өңірде төрт жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа утиль алым есебінен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 9 млрд тенгеге жуық қаржы бөлінбек. 

Әділбек Мырзатаев, облыстық Табиғи ресурстар және ТПР басқармасының бас маманы:

- Рудныйдағы полигонда сұрыптау желісі мен құрылыс қалдықтарын ұсақтайтын құрал-жабдық орнатылады. Одан бөлек техникалық резина өнімдерін өңдеу ісін кеңейту көзделіп отыр. Ал Қостанайда қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салу жоспарда бар.

Мамандардың айтуынша, бұл жобалар жүзеге асқанда тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу үлесі 6% артады.

 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг