БҚО-да 400 адамға қайтарымсыз грант берілді
Батыс Қазақстан облысында биыл әлеуметтік осал топтағы 400 адам жеке кәсібін ашты.
Оларға «Бизнес бастау» жобасы аясында бір жарым млн теңгеден қайтарымсыз несие берілді.
Аталған қаржы оларға бизнесін бастап, кәсібін одан әрі дөңгелетуге едәуір көмек болмақ.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жанның бірі - Әсем Асқарқызы. Көпбалалы ана осы жазда өзінің көптен күткен жеке кәсібін ашты. Алғашында арнайы оқудан өтіп, «Бастау бизнес» жобасы аясында 400 мың теңге грант алады. Кейін гипстан жасалатын кәдесыйлар, хош иісті шамдар мен сабын жасайтын қажетті қондырғылар сатып алғанын айтады.
Әсем Асқарқызы, Орал қаласының тұрғыны:
- Мемлекеттік гранқа қатысқанда мен соңғы болып өтініш бердім. Содан болар қатты уайымдадым. 2-3 күн өткесін маған хабарласып, грант ұтқанымды айтты. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Ал аталған қолдаулардың барлығы қоғамдағы жұмыссыздықты жойып, халықтың кәсіппен айналысуы үшін жасалып отыр. Тұрғындар тарапынан да қызығушылық жоғары. Тек осы жылдың өзінде 400-ге жуық адам өз кәсібін бастады. Оларға 547 млн теңге бөлінді.
Айнұр Қазмұханова, Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының орынбасары:
- Батыс Қазақстан облысы бойынша көбінесе ауыл шаруашылығына, сонымен қатар қызмет көрсету, автокөлік жөндеу, сүт өнімдерін шығару, шұжық шығару осындай бағыттағы жұмыстарға мемлекеттік грант алған болатын. Биыл Батыс Қазақстан бойынша жұмыс берушілердің сұраныс бойынша 405 адамды оқыту жоспарланған болатын. Бүгінгі күні сол жоспар орындалып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама тек кәсіп ашуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді. Ал, мемлекеттік грантқа кез келген жастағы адам қатыса алады. Биыл аймақта жоба аясында мың жарым адам онлайн курстан өтті.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Альбина Құмарғалиева, Ербол Мендіғалиев