Алматыда жыл соңына дейін 20 автономды кітапхана іске қосылады
Алматыда жыл соңына дейін жиырма автономды кітапхана ашылады.
Автономды кітапхана қала тұрғындарына кітапханаға бармай-ақ кітап алып оқуға мүмкіндік береді. Олардың бірнешеуі қазірдің өзінде жақсы жұмыс істеп тұр.
Алғашқы автономды кітапхана жастар орталығында орнатылған. Кітап алу үшін оқырман билеті керек. Билетті сол жердегі кітапхана қызметкерінен де рәсімдеп алуға болады. Барлық қызмет тегін. Катологтан қажетті авторды таңдай аласыз. Автомат өтінішті тіркеп, кітапті шығарып береді. Оны кейінірек кітапханаға да, құрылғыға да қайтаруға болады. Қолдану мерзімі 14 күн.
Гүлмира Асылбекқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мынадай жақсы нәрсе ұймдастырылып қала бойынша қойылып жатыр екен. Соны естіп арнайы келіп, өзіме қажетті кітапты алған жайым бар. Бұл өте кітапсүйер қауым үшін қажет.
Қажетті әдебиетті Алматы кітапханалары сайтына кіріп те тапсырыс беруге болады. Оның қорында әртүрлі жанрдағы 3 млн кітап бар. Бұл қауырт тірліктен қолы босамайтын қала тұрғындары үшін өте қолайлы. Кітап оқу мәдениетін арттырады.
Мейрам Бектенбаев, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры
- Қалада кітапхана көп емес. Оларға барып, кітап оқуға оқырманның уақыты бола бермейді. Жалпы бұл әлемде бар тәжірибе. Бірақ елімізде алғашқы дербес кітапхана енді ғана іске қосылып отыр. Кітаптарды дезинфекциялау амалын қарастырдық. Ол үшін тазалағыш заттарды сатып алуымыз керек.
Өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханалары қаладағы екі сауда орталығында және мектепте де сәтті жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта метро станцияларында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және басқа да қоғамдық орындарда 20 құрылғы орнатылады.
Авторлары: А.Садуақас, В.Лобанов