Тікұшақ апатында зардап шеккен офицерлер жалпы палатаға көшіріледі
Ақтөбе облысындағы авиациялық апаттан аман қалған офицерлер реанимация бөлімінен нейрохирургия және травматология бөліміне көшіріледі.
Дәрігерлер: "Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты", - дейді. Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбі күні Мәртөк ауданының Сарыарқа ауылы маңында Қорғаныс министрлігіне тиесілі Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонып, жанып кеткен болатын. Бортта болған нұсқаушы офицер Батыр Оразымбетов оқиға орнында қаза тапты. Экипаж командирі Бейбарыс Ыбраев пен аға ұшқыш-нұсқаушы Рүстем Нығметов облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
Мақсұт Оразжанов, Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Астанаға телемедицина арқылы кеңес алып, сол кісілермен сөйлесіп, келістік. Бүгінгі таңда екі науқастың да жағдайлары орташа. Аралас жарақат дейді. Бас миының шайқалуы, кеуде соғылуы, іш құрылыстарын соғып алған. Бүгін енді жағдайлары тұрақты болғандықтан бөлімшеге көшіреміз.