Елде дәнді дақылдардың экспорты артты

Биыл елімізде 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатылды.

Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 52 пайызға артық. Мұндай дерекпен Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлісті. Бүгінде агро-техника өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңге. Келер жылы көрсеткішті 300 млрд-қа жеткізу көзделді. Сондай-ақ қазір машина жасау саласындағы 20-дан аса кәсіпорын тіркеме және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын шығарып, импортқа тәуелділікті азайтып отыр. Бұған қоса, салада тағы оң өзгерістер бар. Биыл жүгері дәнінің экспорты 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға тасымалдау 38 пайызға өсті. Ал жасымық экспорты 7 есе артқан. Оның басым бөлігі Еуропа елдеріне жіберіледі. "Қазір елдегі ауыл шаруашылығының сыртқа шығару әлеуеті айтарлықтай жақсы", - дейді мамандар. Біздің өнімдер ірі нарықтарға, атап айтқанда Қытай, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан және Парсы шығанағы елдеріне тасымалданады.