Елордада роботтың көмегімен күрделі операция жасалды
Елде буын ауруына шалдыққан науқастарға операция жасауға робот көмектесіп жатыр.
Жыл басынан бері дәрігерлер заманауи технология көмегімен 30-дан аса эндопротездеу операциясын сәтті орындаған. Тың әдіс буынды толық немесе жартылай алмастыруға мүмкіндік береді. Осындай операцияның бірі елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында жасалды.
«Мако» деп аталатын бұл робот асқан дәлдікпен жұмыс істейді. Бүгін кезекті операция тізе буынының эндопротезі жасалады. Жоғары білікті травматолог-ортопед Дан Жадыгеров операция 1 сағатқа созылатынын айтады. Робот көмекші алдан ала науқастың анатомиясын зерттеп, барлық процестің жоспарын әзірлеп қойған. Имплант буынға осындай инновациялық әдіспен орнатылған соң, емделушінің аяққа тұруы да анағұрлым жеңіл өтеді екен.
Дан Жадыгеров, ҰҒОО ортопедия, Остеоонкология және тамырлы хирургия орталығының меңгерушісі:
- Бұл аз инвазивті тәсіл, науқастар тезірек қалыпқа келеді. Біз әдеттегідей буынды толығымен ауыстырған жоқпыз, тек жартылай алмастырдық. Сәйкесінде жарақаттану да төмен болады. Сол күні науқасты орнынан көтереміз. Артық салмағы болмаса, жүре бастайды. Толығымен айығу бір ай уақытты алады, кейін жұмысқа орала беруіне рұқсат.
Тіпті науқас 1 жылдан кейін тізесіне операция жасалғанын ұмытып кетеді. Яғни имплант сезілмейді. Осындай үмітпен Орал қаласының тұрғыны Ләззат Лекерова Ұлттық ғылыми онкология орталығына келген. Қос тізесі сыздап жүргеніне 6 жыл болған. «Шарасыздықтан, тіпті шетелдік клиникаларға баруға оқталып жүрген едім», - дейді. Таяуда ғана бұндай операцияны өз елімізде жасауға болатынын естіп, бірден кеңес алуға келген. Отандық хирургтардың көмегімен аз ғана уақытта операция жасап та үлгерді.
Зәуреш Лекерова, Орал қаласының тұрғыны:
- Шынымды айтсам, осылай аяққа тұрып кете беремін деп ойламадым. Бірден екі тізеге жасауға болатыны қуантады. Бұрын алдымен бірнші тізеге жасап, бір жыл оңалудан кейін ғана екіншісіне жасайтын. Операцияның сәтті шығуы - қайта қалпына келу уақытын дұрыс өткізуге байланысты. Сондықтан, егер мен Түркияда жасасам, 10-15 күнде үйіме қайтаратын еді. Одан әрі қалай болады деп те алаңдадым.
Әзір елде бұндай операция ақылы. Әрине, шетел клиникаларына қарағанда бағасы 3 жарым есе арзан. Инновациялық технология арқылы жасалатын операция жеке хирургиялық жоспарлау арқылы жүзеге асырылады. Алдымен сүйектің зақымданған бөлігі алынып, кейін имплант орнатылады.
Дан Жадыгеров, ҰҒОО ортопедия, Остеоонкология және тамырлы хирургия орталығының меңгерушісі:
- Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы операцияны тегін жасау мәселесін қарастыруда. Осы технология қазір Денсаулық сақтауды дамыту Республикалық орталығының қарауында жатыр. Болашақта портал арқылы жасау жоспарда бар.Бәрі уақыттың еншісінде.
Мако - қайта жаңғыртудан өткен соңғы үлгідегі робот. Бұрын бір ғана операция түрін орындайтын. Бүгінде адам иығы, шынтағы, тізесі, жамбасы секілді дене бөліктеріне операция жасай алады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Динара Абдирова и Акылбек Есемсеитов